ИСЛАМ ӘДЕБІ
Статистика- Последний пост
- 2 июл.
- Последнее чтение
- 15 авг.
- Постов за неделю
- 0
- Всего постов
- 20
- Тип
- открытый
- Язык
- казахский
- Категория
- Религия
- В каталоге с
- 13 авг.
- 1/24сутки в ленте
- —
- 1/48двое суток
- —
- 1/72трое суток
- —
Оценка по просмотрам недавних постов: пост набирает почти всё за первые сутки.
Посты
Орамалдың хикметі – әуретті жабу, бөгде көздерден қорғау. Егер ол бұл мақсатқа қызмет етпесе – яғни, бас, мойын, иық секілді әуретті тұстарды жаппай, керісінше солардың пішінін айқындап тұрса – ондай киім шариғи хиджаб бола алмайды. Ащы болса да ақиқат, бүгінде көпшілігіміздің орамалымыз сән үшін ғана тағылған бір матаға айналып барады. Мойынға жабысып, пішінді ашып тұратын орамал – «жабын» емес. Бұл – шариғаттың талабына сай келмейтін, сырттай ғана ұқсауы мүмкін киім. Хижабты жүрекпен ұғыну – оны дұрыс тағудан басталады. 📍Дереккөз: https://t.me/mauaranahr https://t.me/oramal_bak
видео или голосовое, без подписи
✨✨✨ 📌 БАУЫРМАЛДЫҚ ӘДЕПТЕРІ 9️⃣-ҚАТЕЛІКТЕРІНЕ КЕШІРІММЕН ҚАРАУ Қате-кемшіліксіз пенде болмайтыны мәлім. Сол үшін де Алла разылығы үшін бауыр болған адамдар бір-бірінің қате-кемшіліктеріне кешіріммен қарай білгені дұрыс. Қасиетті Құран Кәрімде: «Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы»(132), - деп айтылған («Шура» сүресі, 43-аят). Өкпелеу, ренжу, көңілге алып қалу әркімнің де қолынан келеді. Алайда, кешіре білу - иманды, Алла Тағаланың кешірімінен үміті бар тақуа жандардың ісі. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Кешірімділік етулерің тақуалыққа жақынырақ» (133), - дейді. Бауырының бойынан көңіліне жақпайтын іс көргенде, мұсылман адам сабыр сақтап, оған бола өкпелемей, кешіре білуі керек. Тіпті ренжу сезімін оятпау да қажет. Абай атамыз қара сөзінде: «Бірақ әулиелердің де бәрі бірдей тәркі дүние емес еді, ғашәрән-мүбәшәрәдан қазірет Ғосман, Ғабдурахман бин Ғауф уа Сағид бин Әбудқас үшеуі де үлкен байлар еді. Бұл тәркі дүниелік: я дүние лаззатына алданып ижтиһадым шала қалады деп, бойына сенбегендік, я хирс дүниеліктен қауымның көңілін суытпақ үшін, ренжуге сабыр етіп, өзін фида қылып, мен жаныммен ұрыс қылғанда, халык ең болмаса нәпсісімен ұрыс қылып, һәуа һәуастан әрбір арзу нәпсіден суынып, ғадаләт, мархамат, махаббатына бір қарар болар ма екен деген үмітпенен болса керек», - деп айтқан. Алла Тағала Кұранда: «Өте әдемі түрде көңіліңмен кешір» (134) - дейді. Көңілмен әдемі түрде кешіру деген - көңілдегі кірді алып тастаған соң, ол адамды айыптамау дегенді білдіреді. Жүсіп Пайғамбардың қиссасында, ағайындары көре алмаушылық қылып, оны құдыққа тастап, әкелеріне «оны қасқыр жеп кетті» деп, өтірік айтып баратындығын білеміз. Бірақ өзіне зұлымдық қылған ағайындарын Жүсіп пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) кешіріп: «Бүгін сендерге сөгіс жоқ. Алла сендерді кешірсін. Ол – мейірімділердің ең мейірімдісі», - дейді (135). Осылайша, Жүсіп Пайғамбар ағаларының оған қылған қылмыстарын еш сөкпестен, кешіріп қана қоймай, олар үшін Алла Тағаланың жарылқауын тілеп, дұға еткен! 📍(132) «Шура» сүресі, 43-аят; 📍(133) «Бақара» сүресі, 237-аят; 📍(134) «Хижр» сүресі, 86-аят; 📍(135) «Юсуф» сүресі, 92-аят; ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
📌 РАМАЗАН ОРАЗАСЫНА ҚАТЫСТЫ ПӘТУАЛАР 1️⃣-Ораза 2️⃣-Рамазан айында ораза тұтпауға үзірлі жағдайлар 3️⃣-Оразаға ниет ету 4️⃣-Оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайлар 5️⃣-Оразадағы мәкруһ амалдар 6️⃣-Әйелдерге қатысты үкімдер 7️⃣-Оразаға қатысты әртүрлі сұрақтар 8️⃣-Тарауық намазы 9️⃣-Иғтикаф 1️⃣0️⃣-Қадір түні 1️⃣1️⃣-Сәресін ішу https://t.me/mustafanyn_kokesi
видео или голосовое, без подписи
✨✨✨ 📌 БАУЫРМАЛДЫҚ ӘДЕПТЕРІ 8️⃣-ИСАР Исар деп мұсылман бауырыңның қалауын өз калауыңнан жоғары қоюды айтады. Бұл бауырмалдықтың шыңы саналады. Ислам тарихының алғашқы кезеңдерінде меккелік мүшіріктер мұсылмандарға қатты қысым көрсетеді. Алғашында аз болған мұсылмандар мал-мүлкін, үй-жайын тастап, Мединеге қоныс аударуға мәжбүр болады. Сол кезде Медине мұсылмандары (Ансарлар) оларды кұшақ жая қарсы алып, үй-жайларымен, дүние-мүлкімен, тіпті кәсіптеріне дейін бөліп береді. Алла Тағала ансарлық сахабалардың бұл істеріне разы болып, Құранда: «Сондай-ақ, өздерінде таршылық бола тура оларды өздерінен артық көреді. Кімде кім сараңдықтан сақтанса, міне солар құтылушылар» (130), - дейді. Аталмыш аяттың түсуіне қатысты Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) мынадай оқиға жеткен: «Бірде Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Мен (әбден) азып-тоздым!» - дейді. Мұны естіген Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біреуді өзінің әйелдерінің біріне (оған тамақ алып келсін деп) жібереді. Пайғамбарымыздың жары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сені ақиқатпен Жібергеннің атымен ант етемін, менде судан басқа ешнәрсе жоқ!» - дейді. Оны басқа әйеліне жібереді. Ол да дәл сол жағдайды айтады. Әлгі жіберген адам осылайша оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық әйелдерін аралап шығады. Олар да: «Сені ақиқатпен Жібергеннің атымен ант етемін, менде судан басқа ешнәрсе жоқ!» - дейді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына адамды түнемекке кім қабылдайды?» - деп сұрайды. Бір ансарлық сахаба: «Мен, уа, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)» - дейді. Әлгі сахаба оны үйіне алып келіп, әйеліне: «Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қонағына құрмет көрсет», - дейді. Хадистің басқа нұсқасында әйеліне: «Сенде бір нәрсе бар ма?» - дейді. Әйелі: «Менің балаларыма беретін астан басқа ешнәрсем жоқ» - дейді. Сонда сахаба: «Балаларды бір нәрсемен алдандыра тұр, ал егер олар тамақ жегісі келсе ұйықтауға жатқыз, қонақ келген кезде шамды өшіріп, біз де тамақ жеп жатқан секілді болайық», - дейді. Содан соң олар өздерінің орындарына отырады да қонақ тамақ жеп болған соң (өздері) аш қарынмен жатады. Таң атысымен үйдің иесі Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келгенде, ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла сендердің түнде қонақтарыңмен қалай шығысқандарыңа разы болды!» - дейді».(131) 📍(130) «Хашыр» сүресі 9-аят; 📍(131) Бұхари (3798), Муслим (2054) ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 БАУЫРМАЛДЫҚ ӘДЕПТЕРІ 7️⃣-ӨЗІНЕ ҚАЛАҒАНДЫ БАУЫРЫНА ДА ҚАЛАУ Өзіне қалаған жақсылықты басқа мұсылман бауырына да қалау бауырмалдықтың басты белгісінен. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Өзі үшін жақсы көргенін бауыры үшін де жақсы көрмейінше ешқайсыларың иман еткен болып саналмайсыңдар» (128), - деп келеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл хадисінде мұсылман адам өзіне қалағанды бауырына да қалауы керектігін иманмен тікелей байланыстыруынан бұның қаншалықты маңызға ие екендігін байқаймыз. Хадис мәтініндегі: «Иман еткен болып саналмайсыңдар» деген сөзге келер болсақ, ондай адам имансыз болады деп хадисті тікелей түсінбеуіміз қажет. Ибн Хиббан атты ғалым хадистің бұл тұсын: «Пенде хақиқи иманға қол жеткізе алмайды», деп түсіндірген (129). Мысалы, бір адамның екінші біреуден қатты көңілі қалғанда «пәленше адам емес» деп айтып жатады. Бұлай деу арқылы ол кісі жаман іс істеген әлгі адамның бойындағы адамдық қасиетінің төмен екендігін білдіреді. Осы сынды Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман еткен болып саналмайсыңдар» деп айтуын «өздеріңе қалағандарыңды басқа бауырларыңа қаламайынша хақиқи иманға қол жеткізе алмайсыңдар» деп түсіну қажет. Хадистің: «Өзі үшін жақсы көргенін» деген тұсын «адам өзі үшін қалаған жақсылықты» деп түсінеміз. Ибн Мажа, Насаи және т.б. хадис жинақтарында хадистің: «Өзі үшін жақсы көрген жақсылықты», - делініп, «жақсылық» деген сөз қосылып айтылған нұсқасы жеткен. Бұл хадис жайында имам Кармани: «Өзіне қаламаған жамандықты бауыры үшін де қаламау иманнан», - деген. Демек, өзімізге жақсылық қалағанымыз секілді басқа бауырымызға да сол жақсылықты қалауымыз, әрі өзіміз үшін ұнатпаған жамандықты өзге бауырымызға да қаламау имандылығымыздың көрінісі болмақ. 📍(128) Бұхари (13), Муслим (45), Тирмизи (2515), Ахмад (3/176); 📍(129) Қараңыз: Фатхул-л-бари би-шарх сахих әл-Бұхари ли-л-хафиз ибн Хажар әл-Ғасқалани 1-том, «Иман кітабы» 13-хадис, 83-бет; ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 БАУЫРМАЛДЫҚ ӘДЕПТЕРІ 6️⃣- МҰСЫЛМАН БАУЫРЫНЫҢ СЫРТЫНАН ДҰҒА ЕТУ Мұсылман адам Алладан өзі үшін дұға тілеумен қатар өзге мұсылмандарға да жақсылық сұрап жүруі қажет. Қасиетті Құранда: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма. Раббымыз шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің» (125), - дейтін дұға келген. Тағы бір аятта: «Раббымыз! Есеп құрылатын күні мені, әке-шешемді және мүміндерді жарылқа!» (126), - деп айтылған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Мұсылманның бауырының сыртынан жасаған дұғасы қабыл. (Өйткені) оның жанында өкілетті періште тұрып, ол бауырына жақсылық дұға тілеген сайын өкілетті періште де: «әмин, саған да сол нәсіп болсын», - деп айтады» (127), - деген. Ғалымдарымыз: «Егер өзің үшін қандай да бір жақсылық қаласаң, оны бауырына тіле. Сонда періштелер сен үшін «саған да сол болсын» деп дұға ететін болады», - деген. Ілгеріде өткен ізгі жандар дұғаларында өзге бауырларын тастамайтын болған. Мысалы, Әбу Дарда (Алла оған разы болсын) атты сахаба: «Расында мен дұғамда жетпіс бауырымның есімін атап тұрып дұға қыламын», - деген екен. 📍(125) «Хашыр» сүресі, 10-аят; 📍(126) «Ибраhим» сүресі, 41-аят; 📍(127) Муслима (2732), Әбу Дәуід (1534); ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 БАУЫРМАЛДЫҚ ӘДЕПТЕРІ 5️⃣-БАУЫРЫН ЖАҚСЫ КӨРЕТІНДІГІН БІЛДІРУ Мұсылмандар Алла разылығы үшін бір-бірін жақсы көретіндіктерін өзара білдіргендері дұрыс. Сонда олардың арасындағы өзара құрмет артып, бауырмалдық кең қанат жаяды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мұғаздың (Алла оған разы болсын) қолынан ұстап: «Уа, Муғаз! Алланың атымен ант етемін, расында, мен сені жақсы көремін! Уа, Муғаз! Мен саған әр намаздан кейін: «Уа, Алла! Маған Өзіңді есімде ұстауға, Саған шүкіршілік етуге және көркем түрде құлшылық етуге көмектес» деп айтуды өсиет етемін: (123), - деп айтқан. Кей адамдардың нәпсісіне басқа бір мұсылман бауырын жақсы көретінін айту ауыр тиюі мүмкін. Тіпті мұны ұят санап, ерсі деуі де ықтимал. Өйткені қазіргі қоғамда жақсы көру тек ер мен әйел арасындағы сезім ретінде қалыптасып қалған. Бірақ Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетіне құлақ асып, сүннетіне еріп, Алланың разылығына бөленем деген адам үшін бұл іс қиындық тудырмауы керек. Сахаба Әнастан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Бір кісі Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында болғанда олардың жанынан әлде бір кісі өтіп кетеді. Сонда әлгі кісі: «Уа, Алланың елшісі! Мен мына адамды жақсы көремін», - дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болса ол кісіге: «Сен бұл жайын оған жеткіздің бе?», - деп сұрайды. Ол: «Жоқ», - деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Онда оған мұны жеткіз!» - дейді. Ол әлгі адамды қуып жетіп: «Расында, мен сені Алланың разылығы үшін жақсы көремін!», - дейді, сонда ол: «Алла үшін мені жақсы көргенің үшін Алла да сені жақсы көрсін!» - деп жауап қатады» (124), - делінген. 📍(123) Әбу Дәуід (1522), Насаи (9937); 📍(124) Әбу Дәуід (5125); ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 БАУЫРМАЛДЫҚ ӘДЕПТЕРІ 4️⃣- ЖАҚСЫ КӨРУ Өзге мұсылман бауырын құрметтеп, жақсы көру - ізгіліктің нышаны. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жандар әскерге шақырылған жауынгер секілді, бір-бірін танитындар бірігеді де, ал танымайтындар ажырайды» (119), - дейді. Демек, ізгі адам өзі сияқты ізгі адамдарды жанына жақын тартып, өзара тіл табысып жатады. Жаман істерге үйір адам да өзі сияқтыларды жақын тұтады. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Жүз мүміннің арасында бір мұнафиқ отырып, сырттан бір мұнафиқ кірсе, ол тура мұнафиқ отырған жерге келіп жайғасады. Сол сияқты бір жерде жүз мұнафиқ отырып, арасында бір ғана мүмін болса, сырттан бір мүмін адам кіре қалса, ол тура мүмін отырған жерге келіп отырады», - дейді. Мужаһид (Алла оны рақымына алсын) айтады: «Ибн Аббас (Алла оларға разы болсын) бір адамды көрді де, «Мына кісі мені жақсы көреді», - дейді. Адамдар: «Сен оны қайдан білесің?», деп сұрайды. Сонда ол кісі: «Жандар әскерге шақырылған жауынгер секілді», - дейді (120). Мәлик ибн Динар (Алла оны рақымына алсын): «Екі адам бойларында бір-біріне ұқсайтын сипаттары болған жағдайда ғана дос болады. Бұл тұрғыда адамдарды құстарға теңеуге болады. Себебі, бірдей болған екі күс қана бірге жүре алады», - дейді. Мұқағали ақын да: Қырғи жолдас бола алмайды кептермен, Себебі ол кептер етін жеп көрген. Қой қоралас бола алмайды қасқырмен, Қасқырдан ол көресіні көп көрген, - дейді. Алланың разылығы үшін бір-бірін жақсы көрген адамдарға берілетін артықшылықтар жайында көптеген хадистер жеткен. Сондай хадистердің бірінде: «Расында, ақырет күні Алла Тағала: «Менің ұлылығым үшін бір бірін жақсы көргендер қайда? Бүгін Менің көлеңкемнен өзге ешкімнің көлеңкесі болмаған күні, оларды Өзімнің көлеңкеме аламын», - деп айтады» (121), - делінеді. Бұндай баға жетпес үлкен нығметке өзге мұсылман бауырын таза ниет, пәк жүрекпен шынайы жақсы көрген адамдар ғана жете алмақ. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде мынандай қиссаны баяндайды: «Бірде бір адам басқа ауылда тұратын бауырымен көрісу үшін жолға шығады, Алла Тағала оған бір періштені жібереді. Ол адаммен жолда кездескенде: «Қайда бара жатырсың?» - деп сұрайды. Ол: «Мен ана ауылда тұратын бауырыммен жолығуға бара жатырмын», - деп жауап береді. Періште: «Сен оған бір жақсылық жасап, енді сол жақсылығыңның қарымтасын көргің келіп бара жатқан шығарсың?» - дейді. Ол адам: «Жоқ, расында, мен оны Алла Тағала үшін жақсы көремін», - деп жауап береді. Сонда періште: «Шындығында мен, сен ол адамды Алла үшін қалай жақсы көрсең, Алла да сені солай жақсы көретінін жеткізу үшін Алладан жіберілдім», - дейді» (122). 📍(119) Муслим (6876); 📍(120) «Радуату әл-ғуқала» 18-бет; 📍(121) Муслим (2566); 📍(122) Муслим (2567), Ахмад (9036), Бұхари «Әдәбу-л-муфрад» (350); ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 БАУЫРМАЛДЫҚ ӘДЕПТЕРІ 3️⃣-МҰСЫЛМАНДЫҚ ХАҚЫСЫН ОРЫНДАУ Мұсылманның мұсылманға деген ақылары жөнінде хадисте: «Мұсылманның мұсылманға қатысты бес хақысы бар: сәлемге жауап беру, ауырғанның көңілін сұрау, жаназасына қатысу, қонаққа шақырса бару, түшкірсе игілік тілеу» (117), - делінген. Хадистің Имам Муслим жеткізген нұсқасында: «Мұсылманның мұсылманға қатысты алты хақысы бар: егер кездестірсең сәлем беруің, шақырған болса баруың, насихат сұраса насихат айтуың, түшкіріп Аллаға мақтау айтса, оған игілік тілеуің, ауырса көңілін сұрауың, ал егер дүниеден өтсе, соңғы сапарға шығарып салуың» (118), - деп келген. Жалпы мұсылманның мұсылманға деген ақылары көп. Көптеген істердің ішінен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы істерді «мұсылманның мұсылманға қатысты ақысы» деп тізбектеуінен бұл амалдардың өте маңызды екенін түсінеміз. Демек, өзін мұсылманмын деп есептейтін әрбір жан сәлем беріп амандасу, құрметтеп қонаққа шақырса бару, насихат сұраса кеңес беру, түшкірсе дұға ету, сырқаттанып қалса көңілін сұрау, дүниеден өтсе жаназасына қатысу сынды істерге мұқият болып, барынша орындауға тырысуы тиіс. 📍(117) Бухари (1240/3); 📍(118) Муслим (238/17); ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 БАУЫРМАЛДЫҚ ӘДЕПТЕРІ 2️⃣-БІРЛІКТЕ БОЛУ «Бірлік бар жерде тірлік бар демекші» береке, өркендеу, даму барлығы тек ауызбіршілік бар жерде болмақ. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», деп, мұсылмандарды бірлікке бұйырып, бөлінуден тыйған. Аятта «иғтасим» яғни «жабыс» деп емес, көпше түрде «иғтасиму» «жабысыңдар» деп бұйырылуынан Ислам дінінің адамның жалғыз өзі ұстанатын дін емес, көпшілікпен бірге ұстанатын дін екендігін ұғамыз. Құран аяттарында «Намаз оқыңдар», «Зекет беріңдер» деп келетін бұйрықтардың көбі көпше түрде айтылуының да сыры осында. Екінші жағынан аталмыш аяттың алдындағы аятта Алла Тағала: «Уа, иман еткендер! Алладан шынайы қорқыңдар да, мұсылман болған күйде ғана өліңдер», - деп, біздің дүниеден мұсылман болып өтуімізді бұйырған. Адамның дінінде берік болып, дүниеден мұсылман болған күйінде өтуіне себепші болатын негізгі амал - иманды жандармен бірге болу. Сол себепті де келесі аятта Алла Тағала бірлікте болуға бұйырып, бөлінуден тыйып, бауырмалдықтың үлкен нығмет екендігін баяндаған. Қасиетті Құранда Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күдіксіз діндерінде бөлініп, топтарға айырылғандармен сенің ешбір байланысың жоқ» (114), - деген. Бұл аяттың «діндерінде бөлініп» деген тұсын бір ғалымдар яһудилер мен насранилерге (христиандарға) қатысты айтылған деген пікір білдірсе, басқа ғалымдар мұсылмандардың өздеріне қатысты екендігін айтқан. Бөліну Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жат болса, асыл дінімізге де жат деген сөз. Ал асыл дінімізге жат дүниеден мұсылман адам сақтануы қажет. Құранда өзге мұсылмандар жайлы айтылғанда «өздерің» деген сөздің қолданылуы - момын мұсылмандардың өзара бір екендігін меңзесе керек. Мысалға: «Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе Алла тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер!» (115) - деп айтылады. Бұл аяттағы «Өздеріңе Алла тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер!» - деген аяттың мағынасы «Өзге мұсылмандарға сәлем беріңдер» дегенді білдіреді. Тағы бір аятта: «Өз-өздеріңді міндемеңдер» (116), - делініп, мұсылманның өзге мұсылманды міндеуіне тыйым салынған. 📍(114) «Әнғам» сүресі, 159-аят; 📍(115) «Нұр» сүресі, 61-аят; 📍(116) «Хужурат» сүресі, 11-аят; ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 БАУЫРМАЛДЫҚ ӘДЕПТЕРІ 1️⃣-АЛЛАНЫҢ РАЗЫЛЫҒЫ ҮШІН БАУЫР БОЛУ Мұсылман адамның басқа мұсылманмен бауырластығы дүниелік пайда үшін емес, Алла Тағаланың разылығы үшін болуы қажет. Бауырмалдық жайлы келген хадистерде осы мәселе ерекше айтылған. Мысалы, қиямет күні Аршының көлеңкесінде болатын жеті топтың бірі жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың разылығы үшін бір-бірін жақсы көріп, сол үшін кездесіп әрі сол үшін қоштасатын екі адам» (112), - дейді. Тағы бір хадисте: «Үш сипат бойында табылған адам иманның дәмін сезінеді: Алла мен Оның елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық нәрседен артық жақсы көрген. Бір адамды жақсы көрсе, тек Алла разылығы үшін жақсы көрген. Отқа қалай түсуді қаламаса, дәл солай күпірлікке оралуды қаламаған адам» (113), - деп келген. 📍(112) Бұхари (660), Муслим 1031); 📍(113) Бұхари (16, 21), Муслим (44); ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 БАУЫРМАЛДЫҚ ӘДЕПТЕРІ Пайғамбарлық міндетіне кіріскен Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам насихатының алғашқы кезеңінде-ақ иманға келген жандардың бір-біріне бауыр екендігін жариялады. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Шын мәнінде, мүміндер - бауыр» (110), - деп айтады. Тағы бір аятта Алла Тағала бауыр болудың маңызын ескертіп: «Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырып, Оның нығметімен бауырға айналдыңдар» (111), - дейді. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алланың құлдары өзара бауыр болыңдар», - деп бұйырады. Ендеше, әрбір мұсылман бауырмалдық атты нығметті қадір тұтып, бауырына деген әдептерді қатаң сақтай отырып, көркем түрде мәміле жасай білуі қажет. 📍(110) «Хужурат» сүресі, 103-аят; 📍(111) «Әли Имран» сүресі, 103-аят; ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ҚОЛДАНУ ӘДЕПТЕРІ 6️⃣-ПІКІР АЛМАСУ ӘДЕБІН САҚТАУ Адамдардың білімі, ойлау қабілеті, ақпаратты қабылдауы түрлі деңгейде болатындықтан, олардың қандай да бір мәселеге қатысты әралуан пікірде болуы заңды. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем пікір алмас» (107), - деп бұйырған. Демек, пікір айтқанда, ұрыс-керістен сақтанып, ойды көркем түрде, даналықпен жеткізуге тырысу момын мұсылманның міндеті болмақ. Өзгенің пікіріне құрметпен қарау, ащы болса да ақиқат сөзді мойындау, білмеген мәселесіне білгішсініп пікір білдірмеу сынды әдептер әлеуметтік қатынастарды реттеп, қоғам тыныштығын сақтауға кепіл болады. Бұл қарапайым әдептердің сақталмауының салдарынан, айтысып-тартысу, өсек пен ғайбат, нала мен жала көбейіп, аяғы үлкен дауға ұласуы мүмкін. Нәтижеде, бір-бірімен ренжіскен адам, қираған қоғам, тозған жүйке, жойылған сауап, артылған күнә. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сөгу, қарғау, арсыз сөз, өсек айту мүмінге тән (сипат) емес» (108), - деген. Егер қарсы тарап шектен шығып, сөзге тоқтамайтын болса, ондай пікір алмасуды бірден аяқтау қажет. Әбу Әмама (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен, өзінікі рас болса да тартысуды қойған кісі үшін - жәннаттың ауласынан бір үй, ал әзіл болса да өтірік айтуды қойған кісі үшін - жәннаттың ортасынан бір үй, ал көркем мінездіге - жәннаттың ең биігінен бір үй (берілетіндігіне) кепіл боламын» (109), - деп айтқан. Орынды сөйлеу, ойын әдеппен жеткізу, көркем мінезді болу - абыройлы іс. Адам дер кезінде тілі мен көзін тыя білсе, мыңдаған бәленің алдын алып, өзіне һәм өзгеге зиян тигізуден аман болады. Сондықтан, Жаратушымыздың алдында әлеуметтік желідегі сөздеріміз үшін де жауап беретінімізді ұмытпайық. 📍(107) «Нахыл» сүресі, 125-аят; 📍(108) Ахмад (3938), хадистің дәрежесі «сахих»; 📍(109) Тирмизи (1993), Әбу Дәуід (4800), Ибн Мажа (5); ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ҚОЛДАНУ ӘДЕПТЕРІ 5️⃣-ӨЗГЕНІҢ ЖАЗБАСЫН ШЫҒАРҒАНДА СІЛТЕМЕСІН КӨРСЕТУ Өзге біреудің авторлық мақаласын, жазбасын, суретін, видеосын тек рұқсат сұрап не сілтемесін беріп жариялауға болады. Өзгенің дүниесін өз атынан жариялау ұрлық болып саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның дүниесін оның рұқсатынсыз пайдалануға рұқсат етілмейді» (106), - деп ескерткен. Бұл ескертудің жалпы қолданыста жүрген, «көпшілік таратсын» деген ниетпен жасалған дүниелерге қатысы жоқ. 📍(106) Байхақи «Шәғбу әл-иман» 4/387 бет, (5492); ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ҚОЛДАНУ ӘДЕПТЕРІ 4️⃣-ТІЛ-КӨЗДЕН САҚТАНУ Адам өзінің, бала-шағасының, жақындарының суреттерін желіге жариялаудан, жеткен жетістіктері мен қуаныштарын бөлісуден де сақтанғаны абзал. Олар үшін шынайы қуанып, ақ пейілін білдіретін жандармен қатар, ішінде қызғанышы, жүрегінде көре алмаушылық дерті бар адамдардың да болатынын естен шығармау керек. Көз тию - ақиқат. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Көз тию - ақиқат. Егер тағдырды озып кететін бір нәрсе болса, ол көз тию болар еді» (105), - деп айтқан. Сондай-ақ, көздің түйені - қазанға, адамды - қабірге түсіретінін хабардар еткен. Жанұя жарасымын желідегілермен бөлісем деп, тіл-көздің тиіп кетуіне ұшырап қалып жүрмеңіз. Оның үстіне отбасыңыздың қызықтарын, бала-шағаңыздың бақытты сәттерін жарқыратып желіге жүктегенде, оны бір перзентке зар болып жүрген жандар немесе арқа сүйер азаматы жоқ жалғызбасты аналар көріп, көңілдері құлазып кетуі мүмкін екендігін де ескеріңіз. Сол үшін шынайы қажеттілік туындамаса, әрбір дүниені суретке түсіріп, желіге жүктей беруден сақ болған жөн. Әсіресе, сәбилерді жұрт көзінен барынша жасырын ұстау - олардың тіл-көзден аман болуына үлкен сеп болмақ. 📍(105) Муслим (2188); ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ҚОЛДАНУ ӘДЕПТЕРІ 3️⃣-КӨЗДІ КҮНӘДАН ТЫЮ Желіге ашық-шашық күйдегі суреттерді жүктеу әрі өзгенің бұндай сипаттағы сурет, бейнелеріне қарау тыйым салынған істерден болып табылады. Құранда Алла Тағала: «Иманды ер кісілерге айт, көздерін төмен қаратсын және әуреттерін қорғасын. Бұл - олар үшін тазасы. Ақиқатында, Алла - олардың не істеп жатқандарынан хабардар. Әрі иманды әйелдерге айт, көздерін төмен қаратсын, жыныс ағзаларын қорғасын және көрініп тұрғаннан басқа көріктерін көрсетпесін...» (104), - деп бұйырған. 📍(104) «Нұр» сүресі, 30-31- аяттар; ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ҚОЛДАНУ ӘДЕПТЕРІ 2️⃣-БІЛМЕГЕНІН ЖАЗБАУ Әлеуметтік желіде кей адамдар қандайда бір мақаланы, суретті немесе видеоны көрген кезде мәселенің астарына үңілмей жатып, мән-жайды толық білмесе де пікір жаза салады. Ондағы ақпараттың шындығын тексере бермейді. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Егер пасық адам хабар алып келсе оны анықтап алыңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» (103), - деп ескертеді. Мұсылман адам келген ақпараттың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп, ақиқаты мен жалғанын ажыратып алуы қажет. Әсіресе біреуді қаралауға бағытталған, кісінің айыбын ашатын мәліметтерге келгенде, оған бірден сене салудан, оны өзгелерге таратудан аса сақ болған ләзім. Себебі, бұл қоғамда өсек пен жаланың таралуына алып келіп, әлеуметті құртады. Шәкәрім бабамыз өлеңмен өрген өсиетінде: Таза емес, - деп, -шекпені», Сыртын көріп сын тақпа. Әркім орар еккенін, Өз ішіңді салмақта. Ол - не жақсы, не жаман, Оның жүгі сенде емес. Десе біреу: «Мен аман», Ол зияннан кенде емес. Шымылдық артын кім білер, Шын иесі болмаса. Соның жолы жөнделер, Кімді сынап оңдаса! - деп айтқан. 📍(103) «Хужурат» сүресі, 6-аят; ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris
✨✨✨ 📌 ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ҚОЛДАНУ ӘДЕПТЕРІ 1️⃣-ШАМАДАН ТЫС ПАЙДАЛАНУ Әлеуметтік желіге тәуелдік бүгінгі таңда қауіпті дерттің біріне айналып отыр. Мұндай тәуелдікке душар болған адам көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізеді. Желіде жоқ кезінде жүрегінде қобалжу пайда болып, өзгенің жазған пікірін, келіп түскен жаңа хабарламаны жіберіп алғандай алаңдап, мазасызданады. Интернеттің өшіп қалуы күйгелек күйге түсіріп, тіпті күйзеліске апаруы мүмкін. Мұсылман адам әлеуметтік желіге жақсы мақсатта ғана жүгініп, оны пайдаланатын уақытын реттеп, шамадан тыс қолданудан өзін шектеуі тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біл: кәрілік жетпей тұрып жастықты, ауырмай тұрып денсаулықты, кедейлікке ұшырамай тұрып байлықты, бос болмай тұрып бос уақытты, ажал келмей тұрып өмірді (бағала)» (102), - деп өсиет еткен. 📍(102) Сахих әл-жамиғ (1077); ©Думан Сайфулла 📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы" https://t.me/adep_daris