- Последний пост
- 14 авг.
- Последнее чтение
- 13 авг.
- Постов за неделю
- 2
- Всего постов
- 22
- Тип
- открытый
- Язык
- казахский
- В каталоге с
- 13 авг.
- 1/24сутки в ленте
- 316
- 1/48двое суток
- 362
- 1/72трое суток
- 390
Оценка по просмотрам недавних постов: пост набирает почти всё за первые сутки.
Посты
без подписи
Кейінгі уақытта махаббат туралы көп ойланатын болдым. Бәлкім, бұған кітаптардың әсері бар шығар. Әдебиет бізге кейде ең шынайы махаббат адам жүрегін алғаш рет дір еткізген адаммен болады деген ойды сіңіріп қояды. Ал одан кейін кездескендер өмір жолында бірге қартайатын, тұрмыс пен тіршілікті бөлісетін адамдар ғана секілді. Ал алғашқы махаббат болса, жүректің әлдебір түкпірінде мәңгі өшпейтін із болып қалып қоятындай. Бірақ мен бұған енді онша сенбеймін. Меніңше, ең үлкен махаббат бір біріне ең алғаш емес, ең соңғы рет шын сенуді таңдаған екі адамның арасында туады. Екі жаралы адамның жолы түйіскен кезде. Сен де сезімнен сүрініп, махаббаттан шаршап келесің. Ол да солай. Сен еркекке, ол әйелге деген сенімін жоғалтып алған кездерің болады. Екеуің де махаббаттың әдемі сөздерден ғана тұрмайтынын, кейде оның адамның ең әлсіз жерін тауып алып, дәл сол жерден жаралайтынын жақсы білесіңдер. Сондықтан алғаш кездескенде бір біріңе ұмтылмайсыңдар. Керісінше, бір біріңнен сәл үркіп тұрасыңдар. Абайлап қарайсыңдар. Сынайсыңдар. Тіпті кейде жаңа адамның бойынан бұрынғы адамның таныс қылығын байқап қалып, жүрегіңнің есігін тарс жауып, одан қашқың келеді. Өйткені бір рет күйген жүрек оттың түсіне емес, оның жылуына да күмәнмен қарайды. Бірақ соған қарамастан, әлдебір түсініксіз күш қайтадан жанына жетелей береді. Мүмкін, махаббаттың ең ғажайып жері де осында шығар. Екеуің бір біріңе тиген сайын, бұрынғы жаралардың үстіне біреу үнсіз ғана ем жағып жатқандай болады. Ешқандай үлкен уәде жоқ. «Мен сені ешқашан ренжітпеймін» деген бос сөз де жоқ. Тек күн сайын қайталанатын кішкентай ғана нәрселер бар. Ол сенің үнсіз қалғаныңды түсінеді. Сен оның кейде жалғыз қалғысы келетінін түсінесің. Ол сенің қорқынышыңды әлсіздік деп қабылдамайды. Сен оның сақтығын суықтық деп ойламайсың. Сөйтіп, уақыт өте келе жүрек бір нәрсені түсіне бастайды. Бұл адам қауіп емес. Бір кездері жаралаған дүниелеріңді оның қолынан көрмейсің. Керісінше, сен сол адамның қолында өзіңнің ең әлсіз жерлеріңді алғаш рет қорықпай ұстата алатыныңды түсінесің. Алғашында сен одан жараланудан қорықтың. Кейін сол адамның сендегі жараны ауыртпай ұстай алатынын білдің. Содан кейін жақындай бастадың. Бір қадам. Тағы бір қадам. Екеуің де бұрынғы махаббаттарыңның көлеңкесінен бірден шығып кетпейсіңдер. Кейбір түндері өткен күндер еске түседі. Кейбір сөздер ескі жараны қайта қозғайды. Кейде екеуің де үндемей қаласыңдар. Бірақ бұл жолы бір біріңнен қашпайсыңдар. Өйткені енді сендер бір біріңнің жараларыңды емдеуге міндетті емес екендеріңді, тек сол жараларға абайсыз қол тигізбеуді үйреніп келе жатқандарыңды түсінесіңдер. Бір біріңнің ең тұманды түнектеріңнен үнсіз жетелеп шығасыңдар. Ешкім ешкімді құтқармайды. Тек қараңғыда қолынан ұстап қалады. «Қорықпа» демейді. «Мен де қорқамын. Бірақ қасыңдамын» дегендей қалады. Меніңше, махаббаттың ең үлкен түрі сенің жараларыңды көріп тұрып, одан қорықпай қалған адаммен табысу. Себебі ол сенің қаншалықты сынғаныңды біледі. Сен оның да қаншалықты шаршағанын білесің. Екеуің де махаббаттың қанша ауыртатынын білесіңдер. Сондықтан бұл жолғы таңдау ессіздік емес. Бұл жолы жүрек қана емес, сана да бірге таңдайды. Қорықсаңдар да таңдайсыңдар. Қайтадан жаралануларың мүмкін екенін білсеңдер де жақындайсыңдар. Махаббаттың кейде бақыттан бұрын ауырсыну әкелетінін білсеңдер де одан қашпайсыңдар. Өйткені бір кездері махаббаттан жараланған екі адам ақыры бір біріне махаббаттың міндетті түрде жара емес екенін дәлелдей алады. Мүмкін, ең ұлы махаббат дегеніміз осы шығар. Бір бірін алғаш көргенде жүрегі дүрсілдеген екі адам емес, жүрегі қанша рет сынғанын біле тұра, тағы да бір біріне сенуді таңдаған екі адам. Өйткені бұл жолы олар махаббатқа ессіз күйде емес, жараларын көтеріп тұрып келеді. Қорықса да келеді. Сенбесе де сенуге тырысып келеді. Және ең бастысы махаббаттың ауыртатынын біле тұра, бәрібір махаббаттан қашпады. Бір бірін таңдады. Саналы түрде. Қорқынышымен бірге. Өткенімен бірге. Жараларымен бірге. Мүмкін, махаббаттың ең биік түрі де дәл осы шығар.
Соңғы кезде тектілік деген ұғым жайлы көп ойланып жүрмін. Көп адам бұл сөзді естігенде тек ата-текке, руға немесе шежіреге қатысты қабылдайды. Бірақ меніңше, тектілік одан әлдеқайда терең ұғым. Ол адамның бойындағы мінезден, ұстанымнан, ар-ұятынан, жауапкершілігінен, өмір сүру тәсілінен көрінеді. Бүгін бір жағдай есіме түсіп, осы ойымды одан сайын бекіте түсті. Бір танысым бар. Жастық шағында қыз-қырқынның ортасында жүрді. Біреумен ұзақ тұрақтамады, сезімді де, адалдықты да аса бағаламады. Ол кезде мұны өзі де қалыпты нәрсе санайтын. Тіпті кейбіреулер мұндай өмірді "жігіттік" деп бағалап, мақтан ететін. Уақыт өтті. Үйленді. Әке болды. Өмірі өзгергендей көрінді. Алайда жылдар өте келе оның ұлдарының бойынан дәл сондай көзқарастың белгілері байқала бастады. Әйелге жеңіл қарау, тұрақсыздық, жауапкершіліктен жалтару, сезімге үстірт қарау… Мұны көргенде еріксіз ойланасың. Бұл міндетті түрде қан арқылы берілген қасиет пе? Әлде бала әкесінің өмір салтын үнсіз қабылдап өсті ме? Бұған біржақты жауап беру қиын. Бірақ бір нәрсе анық: бала ең алдымен ата-анасының сөзін емес, өмірін көреді. Ол естігенінен гөрі көргенін тезірек бойына сіңіреді. Сондықтан "тәрбие" деген тек ақыл айту емес. Тәрбие – ата-ананың күнделікті өмірі. Әкенің әйеліне деген құрметі, анасының отбасыға деген ықыласы, үлкенге көрсеткен сыйластығы, адал еңбекке көзқарасы осының бәрі баланың санасына үнсіз жазылып жатады. Кейде біз баламыздың болашағына алаңдап, оған жақсы мектеп, жақсы киім, жақсы жағдай іздейміз. Бірақ ең маңызды сұрақты ұмытып кетеміз: "Менің бүгінгі өмірім балама қандай үлгі болып жатыр?" Бала біздің айтқан ақылымызды ұмытуы мүмкін. Ал біздің өмір сүрген қалпымызды ұмытпайды.Сол себепті тектілік дегенді мен тек қанмен келетін қасиет деп қабылдамаймын. Тектілік ұрпаққа қалдыратын рухани мұра. Ол адамның әдебі, сөзі, таңдауы, адалдығы, ар-ожданы. Жақсы қасиет те, жаман әдет те ұрпаққа жол табады. Бірі тұқым арқылы әсер етуі мүмкін, бірі тәрбие мен орта арқылы қалыптасады. Сондықтан әрбір әрекетіміздің ертеңгі ұрпаққа ықпал ететінін естен шығармаған жөн. Бәлкім, біз қалдыратын ең үлкен мұра дүние-мүлік емес, өзіміздің болмысымыз шығар...
-мен сені жай ғанаааа сағындым, ауыр ойдан келеді арылғым…✨
Тар емес, таяз емес кең болайын, Көп емес, аз да емес тең болайын. Досың да, ғашығың да бола алатын, Ең соңғы аялдамаң мен болайын. Көңілің кірбің шалса, жел болайын, Жүрекке мұң ұяласа, ем болайын. Бір ғұмыр өзіңменен қол ұстасқан, Тағдырың жазған жалғыз мен болайын. Күніңе күмән қонса, сел болайын, Түніңде сөнбейтұғын шам болайын. Өмірдің мың бұралаң жолдарынан, Жаныңды адастырмас жол болайын. Намазыңда еске алып есімімді, Дұғаңның ең көркемі мен болайын. Алланың разылығын бірге іздеген, Жәннатқа бастар серігің мен болайын. Көзіңнен үнсіз оқыр сыр болайын, Жаныңа жұрт таппас бір нұр болайын. Өмірдің бар аялдамасынан өтіп, Ақырғы мекеніңде мен болайын qos paraq✨
Өмірімнің "бәлкім, өз адамымды ешқашан кезіктірмей қаламын-ау" деген күрделі тұсында ұзақ аялдап қалғым келмейді. Шындығында үмітсіздік жүректі шаршататын сезім. Ал мен жүрегімнің үміттен айырылғанын қаламаймын. Тәңір әр пенденің несібесін, бақыты мен кездесуін өз уақытында жазады деп сенгім келеді. Кейде күткеніміз кешігетіндей көрінеді, бірақ кешіккеннің бәрі жоғалған емес. Әрбір сынақтың, әрбір жалғыздықтың, әрбір күту сәтінің артында біз әлі түсініп үлгермеген бір даналық жатады. Мен тағдырымның ең әдемі тарауы әлі алда екеніне сенгім келеді. Бір күні жүрегіме тыныштық сыйлайтын, жанымды түсінетін, үнсіздігімді де ұғатын адаммен жолықсам екен деймін. Сол сәтке дейін өзімді жоғалтпай, жүрегімдегі мейірімді, сенімді және махаббатқа деген үмітті сақтап қалғым келеді. Тәңірдің уақыты адамның асығыстығынан әлдеқайда кемел. Сондықтан мен қорқынышпен емес, сеніммен өмір сүргім келеді. "Бәлкім, ешқашан кездестірмеспін" деген ойдың емес, "Тәңір маған лайықтысын дәл уақытында жолықтырады" деген сенімнің жетегінде болғым келеді. Үміт бар жерде ғажайыптың да орны бар. Ал тағдырдың ең керемет сыйлары көбіне біз күдерімізді үзбей күткен сәтте келеді…🤍 «(Уа, Мұхаммед!) Айт: “Уа, өздеріне зиян жасаған құлдарым! Алланың рақымынан үміт үзбеңдер. Расында, Алла барлық күнәларды кешіреді. Шын мәнінде, Ол – аса Кешірімді, ерекше Мейірімді.”» (Зүмәр сүресі, 39:53) qos paraq 🤍
Сенімен бірге болғанда тынысым тарылмайтын өмірді елестетемін. Жаныңда жүріп, өзімді жоғалтып аламын ба деген үрей емес, керісінше, өзімді бұрынғыдан да анық тани түсетін сенім болса екен. Оқып жатқан кітабымның әр беті жарты жолда жабылып қалмай, оқып болған соң ең әуелі саған айтқым келетін ойға айналса екен. Кейіпкерлердің тағдырын, бір ауыз сөйлемнің салмағын, үнсіз қалдырған әсерін бірге бөліссек екен. Жоспарлаған сапарларым мен армандаған мекендерім жалғыздықтың емес, екеуміздің ортақ естелігімізге айналса қандай жақсы. Әлемнің қай бұрышына барсам да, «осыны сен де көрсең ғой» деген сағыныш емес, «мұны бірге көреміз» деген үміт еріп жүрсе екен. Армандарымнан ештеңе кемімей, қайта сен келген соң олардың бояуы қанығып, мәні тереңдей түссе екен. Менің көкжиегімді тарылтпай, кеңейткен жан болсаң екен. Сенің жаныңда ешкім болып көрінуге тырыспай-ақ, өзім болып қала алсам екен. Даусымды көтермей-ақ түсінілсем, үнсіз қалсам да естілсем екен. Шаршаған күндерімнің тыныштығы, қуанышты күндерімнің көбейген күлкісі сенің жаныңнан табылса екен. Өйткені мен үшін махаббат бір-бірін өзгертудің емес, бір-біріне орын берудің аты. Махаббат жүректі тарылтпайтын кеңдік. Махаббат өзіңді жоғалтып алу емес, бір адамның жанынан өзіңді бұрынғыдан да анық табу. Сенімен бірге өткен әр күн өмірдің салмағын ауырлатпай, жүректің тынысын жеңілдетсе екен. Менімше, шын сүйіспеншілік адамды шаршатпайды. Ол адамның ішіндегі ең тыныш, ең жарық, ең қауіпсіз мекенге айналады… -иесіз хаттар..💌 qos paraq
без подписи
Ұйқым мені әлдеқашан ұмытқандай. Түннің тыныштығы ғана маған серік. Қараңғылық қоюланған сайын, қолым еріксіз ұялы телефоныма созылады. Экранын бір қосып, бір өшіремін. Бәлкім, біреу іздеген шығар… Бәлкім, бір хабарлама келген болар… Бәлкім… Бірақ экран суық. Үнсіз. Ешқандай хабарлама жоқ. Ешқандай сағыныш жоқ. Ешқандай “қалайсың?” деген сөз де жоқ. Содан кейін өзім де түсінбей бір қосымшадан екіншісіне өтіп, әлеуметтік желілерді мағынасыз ақтара беремін. Біреулер күліп жүр, біреулер бақытын бөлісіп жатыр, біреулер өмірін қызыққа толтырып қойғандай. Ал мен… өз ойымның ішінде адасып қалған жанмын. Экранның жарығы ғана жүзімді жарық қылғанымен, көңілімнің қараңғылығын сейілте алмайды. Кейде адамның жалғыздығы бөлменің бос болғанынан емес, телефонының үнсіз жатқанынан сезілетін сияқты. Бір ғана хабарлама күтесің. Бір ғана адамның есіңе алғанын қалайсың. Бірақ күткенің келмеген сайын, уақыт та баяулап, түн де ұзара түседі. Сөйтіп, тағы бір түн үнсіз өтеді. Телефонның экраны сөніп қалады. Бірақ көңілдегі күту… әлі сөнген жоқ. -мейлі, қайырлы түн тілеймін…✨ qos paraq🤍
без подписи
👤: ашық-жарқын, қылықты екенсіз. Бойдақсыз ғой дим, ия?! -неге бойдақ деп ойладыңыз? 👤: тұрмысқа шыққан қызда қылық болмайды… -ыыы (бірақ мен тұрмыс құрғанан кейінде қылығым мен болмысымның сақталғанын қалар едімммм…)
без подписи
Қош келдің, жаңа жасым… 🤍 Осы жаңа жасымның берекелі, баянды, жақсылығы мен қуанышы мол болуын тілеймін. Жаратқан әр күнімді мәнді етіп, жүрегіме тыныштық, отбасыма амандық, өміріме береке нәсіп етсін. Бірақ бұл жолғы туған күнім жылдағыдай емес...Өткен жылы дәл туған күнімнің қарсаңында бір жанның қазасы жайлы суық хабар естіген едім. Әлі есімде... Есеңгіреп қалғанмын. Өрімдей ғана жас. Менен небәрі бір-екі жас кіші болатын. Өліммен дәл сол күні, дәл сол сәтте бетпе-бет келемін деп екі ұйықтаса да түсіне кірмеген шығар, жарықтық... Сол оқиғадан кейін өмірге деген көзқарасым мүлде өзгерді. Бұрын уақыт шексіздей көрінетін. Ал қазір әр күннің, әр сәттің қадірін көбірек сезінемін. Өмір мен өлімнің арасы бір-ақ қадам екенін түсіндім. Ал сол қадамды қай кезде аттайтынымызды ешқайсымыз білмейміз. Содан бері ренішті ұзақ сақтамауға, жақсы көретін жандарымды бағалауға, “кейін айтармын”, “кейін жасармын” деген сөздерді азайтуға тырысамын. Ертеңнің бізге бұйыратынына ешкім кепіл емес… Жаңа жасымнан тілерім ұзақ ғұмыр ғана емес, мағыналы ғұмыр. Деннің саулығы, жүректің тыныштығы, ата-анамның амандығы, жақындарымның жанымда болуы, адал адамдардың ортасында жүру бақыты. Жаратқан маңдайыма жазған адал, иманды, жанымнан табылатын, өмірдің барлық сынағында серігім болатын болашақ жарымды жолықтырсын. Бірге бақытты ғұмыр кешуді, шаңырағымызға береке мен мейірім ұялатуды нәсіп етсін….Қош келдің, жаңа жасым. Сенен көп нәрсе күтпеймін. Тек әр күнімді қадірлей білетін, жақсылыққа ұмтылатын, шүкіршілігі мол жан болып қалуыма себепші болсаң екен. Ең бастысы, Алла тағала маңдайыма жазған бақытымды, соның ішінде болашақ күйеуімді де, өз уақытымен, ең көркем түрде жолықтырсын. 🤍🤭
без подписи
Өмірімде ерекше орын алған адамдармен қоштасқым келмейді. Өз еркімен кеткен адамдардың жолына қиыла қарап, өз жүрегімді жұбата алмаймын. Алып қалар дәрмен болса ғой… Бір ауыз сөзбен, бір ғана өтінішпен, бір құшақпен тоқтатып қалуға болатын шығар деп ойлайсың. Бірақ кей адамдар кетуді әлдеқашан жүрегімен шешіп қояды екен. Сенің қимай тұрғаның, үнсіз күтіп тұрғаның, іштей қанша жерден жалбарынғаның олардың шешімін өзгерте алмайды. Сонда жаным мен тәнім қоса жылайды. Бүкіл тұла бойым кеткен адамды сағынатынын айтып тұрғандай болады. Көз ғана емес, көңіл де жылайды екен. Кей адамдармен ойып алар естелігің болмаса да, олардың бітім-болмысы, жаны, рухы сенің санаңнан, жүрегіңнен өз орнын баяғыда иемденіп қойған болады. Міне, ол адам дәл сол үшін де қымбат. Көңілім медет тұтқан қаншама адам өз еркімен өмірімнен кеткелі қашан… Бірі үнсіз алыстады, бірі бөтен болып кетті, бірі бұрынғыдай сөйлеспейтін болды. Бірақ олардың әрқайсысы жүрегімнің бір бұрышында өзгеріссіз қалып қойды. Мен оларды сағынамын. Әлеуметтік желісін ұрлықшыдай бақылаймын. Өміріндегі жаңалықтарына іштей қуанып, сырттай ғана тамсанамын. Кейде суретіне ұзақ қарап отырып қаламын. Жазғым келеді, бірақ жазбаймын. Іздегім келеді, бірақ іздемеймін. Кей адамдарды сағынуға болады, бірақ қайтара алмайсың. Міне, өміріңде адамдарды алып қала алмайтыныңның ешкімге айтылмас көрінісі осы. Адамның өмірден емес, сенің өміріңнен кетуі де ауыр екен. Тірі, аман екенін білесің, бірақ оған бұрынғыдай жақын емес екеніңді мойындау қиын. Бір қалада жүріп-ақ, бір әлемнің адамындай болып кетуге болады екен. Жақыннан жатқа айналу деген осы ғой… Бір кезде бәрін айтып отыратын адамыңның бүгінде хәлін де сұрай алмай қалуы. Бір кезде күн сайын іздейтін жанның енді тек естелігіңде ғана өмір сүруі. Қанша уақыт өтсе де, кей адамдарға жүрегіңнің есігі жабылмайды екен. Ол не досың болсын, құрбың болсын, бәлкім сүйгенің болсын…Олар кетеді, бірақ олардан қалған сағыныш ешқайда кетпейді… qos paraq🤍
без подписи
без подписи
📌
Адамдар бәрін өзі ушықтырады. Жалпы, “анаң ба, әлде әйелің бе?” деп екеуін таразының екі басына қойып, міндетті түрде біреуін ғана таңдау керек деген түсінік адамдықтың ең төмен нүктесі. Ана мен жар бір-біріне қарсы қойылатын адамдар емес. Екеуінің де адамның өміріндегі орны бөлек, міндеті бөлек, қадірі бөлек. Ана өмір сыйлаған, тәрбиелеген, өсірген жан. Ал жар өмір жолын бірге жалғайтын, отбасыңды құрып, болашағыңды бірге қалыптастыратын серігің. Бірінің орнын бірі ешқашан баса алмайды. Мәселе “кім маңыздырақ?” деген сұрақта емес. Мәселе әрқайсысына өз орнын, өз құрметін бере білуде. Ақылды адам анасын да ренжітпеуге, жарын да қорлатпауға тырысады. Даналық біреуін таңдау емес, арадағы тепе-теңдікті сақтап, әділ бола білуде. Өкінішке қарай, қоғамда осы тақырыпты дау мен айтысқа айналдырып, адамдарды бір-біріне қарсы қою сәнге айналғандай. Бірақ мұндай сұрақтың өзі дұрыс қойылмаған. Шынайы өмірде махаббат пен құрмет жарысқа түспейді. Анаға деген құрмет әйелге деген сүйіспеншілікті кемітпейді, дәл сол сияқты әйеліне деген адалдық анасына деген перзенттік парызын жоққа шығармайды. Ал, нағыз ер азаматтың міндеті екеуінің де жүрегін жараламай, әділдік пен парасатты ұстану. Себебі отбасының берекесі таңдау жасаудан емес, әр адамға өзінің лайықты орнын бере білуден басталады. qos paraq🕯️
қашан да маған керексің, мама 🤍