- Последний пост
- 25 июл.
- Последнее чтение
- 15 авг.
- Постов за неделю
- 0
- Всего постов
- 20
- Тип
- открытый
- Язык
- казахский
- Категория
- Религия (по похожим)
- В каталоге с
- 13 авг.
- 1/24сутки в ленте
- 80
- 1/48двое суток
- 91
- 1/72трое суток
- 98
Оценка по просмотрам недавних постов: пост набирает почти всё за первые сутки.
Посты
Інім жазғы демалыста жұмыс жасап тапқан ақшасына пиндоштан біраз күзгі киімдер алыпты. “Апатай күшті ма?” деп, киіп көрсетіп, мәз болып жүр.
Әр жақсылықтың Құдайдан бір қайтарымы болады деген түсінікпен, біраз адамға саяхат, демалыс туралы тегін кеңестер айта беретінім бар. (Қарымын ойламай жасау керегін білем, әзірге ондай деңгейге жетпедім.) Қанша жан әңгімелерімнен соң шетел көрді, паспорт алды, тіпті бірінші рет ұшаққа отырып көрді. Жақында Вьетнамнан посттарым рекке шығып, көп кісі сұрақ жаудырып жатыр. Білгеніммен бөлісіп жатсам, бірі “рахмет” деген сөзді қимаса, бірі “Алла разы болсын” деп риза боп жатады. Монетизация жасайтындай, тур сатуға қазір ықыласым жоқ, гайд деген сияқты инфотауарларды айтпай-ақ қояйын. Сондықтан, шынына келгенде маған бір тиын да пайда жоқ. Алайда, жырақта жүріп, жолым ашылып кетсе, ойламаған жерден түйіндер шешіліп кетсе, сол ниетімнің жауабы шығар деп қоямын.
Аспандағы бұлтты, бөлмеге түскен күн сәулесін, ұшқан құс пен көбелекті де байқап, тамсанатын, күнделікті көріп жүрген ұсақ-түйектен де әдемілік көре білетін, жаңа жерлерді көргенде жүрекпен сезініп, шүкірден көңілі босап қалатын, жақсылық болса, жеңіл қуана салатын адам боп қалғым келеді.
Осы жолғы сапар қалай өткенімен бөлісейін. Бұрын іссапарларға шығатынмын: ол жерде күн сайын 6-10 қонақүйді аралап, бір күнің бос болса қуанасың. Өз бетіммен шыққан саяхаттарда бірдеңеден құр қалардай бәрін көру керек, аралау керек деп график құрып тастап, ұйықтауға да мұрсат бермейсің. Бұл жолы бір күн белсенді болсақ, келесі күні түк бітірмей, білгенімізді істедік. Шетелде таңғы асқа ұйықтап қалу, түсте тұру, бір бөлмеде жалғыз тұру деген экспериенстер де менде бірінші рет болды. Осы жолы сапарластарым – былтыр жазбаларымда үйленгендерін айтып сүйінші сұраған кейіпкерлерім: жиен ағам мен құрбым. Ағамның әзілдеріне ішіміз түйілгенше күліп, көңілді жүрдік. Дымға көңілі толмайтын негатив адамдармен емес, сәтсіз болған нәрселерді де күлкіге айналдыратын позитивтермен жүріңдер. Солай :)
Қалайсыңдар, достар? Менде бәрі шүкір, жақсы. Елге оралдық, сапарластарым Атырауға кетті. Бұл он төрт күн – менің бірінші рет ресми еңбек демалысына шығуым. Әке-шешем Алматыға келгенде олармен бірге уақыт өткізіп те, шетелге шығып та үлгердім, Құдайға шүкір.
Адамның өзгеріске бейім болуы – маңызды қабілет. Шашпа адамның қаржылық сауаттылық үйренуі де, жинап қалған адамның өзіне бір нәрсені рұқсат беруі де – қалыпты. Қақиып қатып қалған, жаңашылдыққа жаны қас адамдардан қорқамын.
Бүгін жағалауда жүріп бір нәрсені түсіндім. Соңғы кезде минимализм туралы блогерлерді қарап жүрмін. Тыңдап отырсам, олардың айтып жүрген нәрселерінің көбін мен онсыз да бұрыннан жасап келеді екенмін. Бір кездері инстаграмда бренд қуалау, көп нәрсе сатып алу, жоқты бар етіп көрсету қатты тренд болды ғой. Сонда өзімді түсінбей: «менде бірдеңе дұрыс емес па?» деп ойлайтынмын. Бүгін қарасам, осы лукпен мен 2022 жылы Египетте де жүрген екенмін. Жалпы менің барлық төрт мезгіл киімім бір үлкен шабаданға сыятын шығар. Артық зат ұстамауға, киілмейтін киім сақтамауға, импульсивті сатып алулар жасамауға тырысамын. Атыраудағы пәтерді де қолдан келгенше жөндедік. Апатай берген асүйді пайдаланып, бір жылдай киімдер қорапта тұрды. Бұрын осының бәрін «жоқшылықтан» деп ойлайтынмын. Сүйтсем, мен үшін бренд киімнен гөрі саяхат маңыздырақ. Шкаф толы заттан гөрі қарызсыз өмір қымбат. Жұртқа әсер қалдырудан гөрі еркіндік құндырақ. Иә, қазір жинақ қорым жоқ, бірақ, біраз қарызды жаптым. Сондықтан кейде өзіңді басқалармен салыстырудың қажеті жоқ шығар. Бәлкім сенің құндылықтарың жай ғана басқаша шығар.
Вьетнамдағы 2-ші күн. Бүгін Данангтың, тіпті Вьетнамның символы десем артық емес, Ba Na Hills-та болдық. Арқан жолмен (канатка) көтерілу шамамен 20 минут уақыт алады, өте биікте орналасқан. Сонша биікке керемет әдемі қалашық жасаған екен. Табиғат жап-жасыл. Жарқырап тұрған ыстық күн бір сәтте бұлт үйіріліп, жаңбыр төгіп жауып кете салды. Бұлттардың арасында жүргендей болдық. Әр бұрышы арт-нысан дерсің, ерекше фантазиямен жасаған. Аттракциондарға да отырып үлгердік. Бір сөзбен, қатты ұнады, күні бойы араладық :) #кешегікүн
9 сынып аттестатыма қазақ тілінен бажырайтып төрттік шығарып берген апай есіме түсіп кетті жақында. Аңғал болғам ба, 4-ке шыққанымды аттестат қолыма тигенде біліп, ештеңе істей алмадым, дауласпадым да. Өзімнің қазақ тілі мен әдебиетінен сыныптағы үздік оқушы екеніме сенімді едім. Сол жылдары жиі ауырып, бағаға байлануды қойған кезім, басымды ауыртпадым. Бірақ, сабақта сол мұғалімнің қателерін түзетіп, ережелердің жілігін шағатынмын, соным эгосына қатты тиген болса керек, сол бойы мен мектепті бітіріп кеткенше қыр соңымнан қалмай қойған. Жылдар бойы бүкіл сыныптан өзім ғана үнемі тақтада тұратынмын. Есімде анық қалғаны – оныншы сыныпта ма екен, “Айтыс” тақырыбында үш-төрт рет сабақ айтып, қайта-қайта баға алғам. Сыныпта менен ғана айналып келіп, сабақ сұрай бергеннен, өзі де шатасып қалған ғой. Бір сыныптасым: “апай, Айымгүл бұл тақырыпты айтып, ана жолы бағасын алып қойған” деп күлгені есімде. Сіздерде бұндай қыр соңыңыздан қалмаған мұғалімдер болды ма?)
Алыстағы достарыммен бір әңгімелерді қозғап, ебіл-дебіл жылап отырмын. Жүрекке жақын адамдардың бары, олардың сезімдеріңді, күйіңді түсініп-сезіне білгендері қандай бақыт. Адам керек адамға. Әсіресе, ЖИ-мен сырласатын заманда.
Жалпы, диплом бойынша мен де мұғаліммін ғой. Бір де бір күн ресми түрде ол қызметті жасамадым десем де, тәжірибем шаш етектен. Бала болсам да, анаммен бірге дәптер тексеріп, түрлі шараларын ұйымдастырып, тіпті бәрі жаппай цифрландыруға көшкенде түнімен ұйықтамай бір порталға бүкіл мәліметті құйғаным да есімде. Баламын ғой, кино қарағым, ойнағым келіп әрең отырсам да, маманың құжаттарын түгендеу, толтыру – бәрінен маңызды еді. Қызық, қазір ойласам, анам маған кішкентайымнан үлкен кісіге қарағандай қарайды. Неге екен?)
Мамам 35 жылдай мұғалім. Биыл кезекті бастауышпен қоштасу. Түрлі әндерді іздеп-тауып, жүктеп берші деп маған жібереді. “Міржақып” деген әншіні айтқанда дым түсінбей отсам, Нұрмұхаммед Жақыпты айтып отыр екен)
Қазір Атырау әуежайында Алматыға кері қайтайын деп, рейс күтіп отырмын. Хабар алғанның келесі күні Атырауға ұшып келіп, ауылға кеттім. Кеше апамды мәңгілік мекеніне шығарып салдық. Түгел дерлік туған-туысты сол жерде көрдім. “Мен қазір ауылдамын ба” деп түс көргендей боп жүрдім. Атырауда мені күтетін жандардың, үйлердің барын сезініп, қуанышты күндерде кездесейікші деп тілеп, кетіп барам.
Арнаны оқитын жандардың ішінде намаздағы және ораза ұстайтын жандар бар шығар, дұғаларыңызға Абилова Гүлнар Қанатқызын қосуларыңызды сұраймын. Әкемнің әпкесі аяқ асты қатты ауырып қалды. Жанұямызға өте жақын жан үшін осындай өтінішім болып тұр. Алла шипа беріп…
Жақында жаңбырда үйге қолшатыр ұстап келе жатып, жабылған гештальтым есіме түсті. Кішкентай кезде кинолардан жаңбыр астында қияли боп жүрген қыздарды көріп, әкеме қолшатыр әкелші деп қақсайтынмын. Біздің ала шаң ауылда жаңбыр жаумайтынымен, әкемнің айдалада сеть ұстамайтын бір қырда май-май болып жұмыс істеп жүргенінен хабарым жоқ) Қасындағы жұмыстастары естіп, “қолшатыр-қыз” деп күледі екен. Кейін әкем қалауымды орындап, қолшатыр әкеп берді. Бұрынғы жұмыстастары ауылға жолы түсіп келгенде, “мынау әлгі қолшатыр қызың ба” деп қолыма ақша ұстатқандары есімде) Еркелеп өскен екем ғой деп, балалықтың жағымды естелігіне еріксіз жымидым.
Қазір гештальт деген сөзді анда да, мында да қыстыра береді ғой. Мысалы, менде кішкентай кезде жабылмаған гештальттың бірі - биге қатысу. Ауылда би үйірмесі айына шатаспасам 800 теңге еді, ол кезде жағдайымыз болмады ма, қатысқым келсе де, қатыса алмадым. Осы жасқа келіп, сол қалауымды орындайын деп, аралас жаттығуға барып жүрмін. Ішінде әртүрлі бағытта би де, спорт та бар. Жалпы, мен үшін дисциплинаны қажет ететін нәрселер қиынға соғады. Нәтижесін уақыт көрсетеді, әзірге процесс ұнап жүр.
Бұрын жыл мезгілдеріне онша мән бермейтінмін. Бірақ, биылғы көктемді ерекше сезініп жүрмін. Алматының әсері ме, әлде жай ішкі күйім жақсарды ма, білмеймін. Кеше жұмыстан ертерек шығып, үйге жаяу келдім. Көшеде келе жатып, тау көре салу – бір бақыт. Жүрегім қатты соғып, состиып тұрып қалдым. Тамсанып, бірнеше минут солай тұрдым. Иә, Алматыда өмір сүрудің өз қиындықтары бар, бәрі қымбат, кейде бәрін тастап, жылы орныма қайта салсам ба дейтінімді де жасырмаймын. Алда не күтетінін білмесем де, осы сәттерден максимум рахаттанып қалғым келеді.
Кеше ұйықтап бара жатып, 2010-жылы шақалақ күйінде шетінеген туған сіңілім есіме түсіп кетті. Есімін әже Нұрлы-бибі деп қойған еді. Ондай есімді кездестірмедім, ерекше, елде жоқ ат. Тірі болса, биыл 16 жасқа келген бойжеткен болар еді. Кейде сіңілім қандай боп өсер еді деген сұрақ мазалайды. Бірақ, Құдайдың бұйрығы солай болғанын есіме түсіріп, тынышталамын.
Кезінде Алматыға оқуға түсем бе дегенде, ата-анам да, ағам да жібергісі келмеген. Ағамның уайымы “оңтүстікке шығып, алыста қалып қоясың” еді. Ал қазір, өзі бірнеше жылдан отбасымен Алматыда. Өмір деген қызық қой)
Аға-жеңгеммен бірге тұратыным, жаңа адамдар, бөтен қала, өзге орта – бәрі студенттік өмірдің вайбын береді. Мүмкін, менің жастық шағым енді басталған шығар?)