СӨЗ СИНЕРГИЯСЫ
СтатистикаАқын, аудармашы, ф. ғ. к., Тұрмағамбеттанушы ғалым Ләйлі Құндақбайдың «Сөз синергиясы» аталатын авторлық арнасына қош келдіңіздер.
- Последний пост
- 25 июн.
- Последнее чтение
- 13 авг.
- Постов за неделю
- 0
- Всего постов
- 20
- Тип
- открытый
- Язык
- казахский
- В каталоге с
- 13 авг.
- 1/24сутки в ленте
- —
- 1/48двое суток
- —
- 1/72трое суток
- —
Оценка по просмотрам недавних постов: пост набирает почти всё за первые сутки.
Посты
Жалғасы: Лә таһзан! Қайғырма, Жан, тірісің! Дертің қандай болса да бір дәрет ал, Кеңіп қалсын тынысың. Жайнамазды жайып ал да, меншікте Бөлмеңнің бір бұрышын. Намаз оқы қаласаң, Қаламасаң ештеңе айтпа... Тыңда жүрек дыбысын. Ол дертіңді сенен артық түсінер Білетін Сол – сен үшін не дұрысын. Дұға еткенде сол жаралы жүрегіңнің жай қолын Болсын жалғыз дұға тілеу – жұмысың. Өйткені Оның мейірімі: Тек жаралы жүректерге ұшады, Тек жаралы жүректерді құшады, Білмеймісің мұны шын?.. Кілем қағу – ұру емес, шаңын қағу тазалап, Алла сенің қағып жатса шаңыңды Қайғырмашы, құрышым! Лә таһзан! Мұңайма, Жан! Бір шаруаң таппай жатса шешімін, Сен мұңайма, есілім. Одан жақсы іс күтіп тұр, Не болмауы тиіс деп біл ол істі, – Тигізбеске кесірін, Қайырлы деп түсін Хақтың кесімін. Ұшқан құсқа қара бір сәт, Ештеңе екпес, егін ормас, несі мін? Кім береді сол құстардың несібін? Сені ұмыта қоймас Ризық Иесі, Тек ішіңнен қайталай бер Есімін. Күндіз-түні бәле жауар адамға, Тек ғашық жан соған төзер, шағым айтпас заманға. Ғашық үшін дерт – бір тұрақ жолдағы, Оны көрсең, ышқың артар, «қайғы бер деп маған да». Керуені келсе-дағы қайғы-дерттің қай тұстан, Жеке бастың дертінде емес, Жар дертінде болар ғашық әманда. Сен де, жаным, амалда. Жасалуың – күйреуде тұр, Ал бірлікті – бытыраудан табасың, Түзелуің – қирауда тұр, Ал мұраттың – мұратсыздық панасы. Бар әлемің – Жоқтықта тұр, Ал терістеу – бекітудің шарасы. «Лә иллаһа иллалла» де, – Жүрегіңнің жазылады жарасы. Қандай қиын адам үшін Ақыл-Жүрек арасы, Болмаса егер таразы. Қандай жаман бір уақытта Жиырылса сәт пен ғасыр арасы, Ал адамның бар білгенін жеткізуге келмей қалса шамасы. «Мен» деп үнсіз қалуы, «Сен» деп, үнсіз көзіне жас алуы, Таусылғанда шарасы. Мұңайма, Жан, «Менмін» десең, бекерсің. Ал егер де Хақты «Бар» деп, өз Меніңді жоқ қылсаң, Шын Барлыққа жетерсің. Менмендіктен арылғанда Бар болғаның соншалық, Тарға сыймай кетерсің. Дәл сол сәтте сені саған сенсіз хәлде көрсетер, Сен Өзіңе толық Өзің жетерсің. Лә таһзан! Қайғырма, Жан, сабыр ет! Махаббаттың бір есімі – Сабыр-дүр, Сабыр етіп үйрен, келсе көктегің: Сен аштыққа сабыр қылсаң, «ораза» ұстап, жемсауыңды шектедің. Азап-мұңға сабыр қылсаң, «төзім» гүлін еккенің, Адамдарға сабыр қылсаң, «кеңпейілдік» еткенің. Қалауыңа сабыр қылсаң, «дұға» болар өткелің. Сезіміңе сабыр қылсаң, «көз жасыңды» төккенің. Сағынышқа сабыр қылсаң, «қасірет», «мұң» шеккенің, Махаббатқа сабыр қылсаң, «ғашықтыққа» жеткенің. Не қаласам, Мен Раббымнан сұрадым, Тек Раббыма жыладым. Берсе – Оның ұлылығы, Бермегені – сынағым. Сен де тіле, болса қандай сұрағың. Не тілесең, Жар есігін қаға біл, Жарыңа асық, сарқып жүрек құнарын. Ашылмас деп үміт үзбе, Сол есіктің алдында күт төзіммен, Біл, бір күні жарқ етерін шырағың. Ей, Жан-Шырағым, Лә таһзан! Руми Қалыптаған Ләйлі Құндақбай https://t.me/Soz_sinergiasy
Лә таһзан! Мұңайма, Жан! Жүрегіңді жараласа әлдекім Сен мұңайма, Жарығым! Тек жаралы жүректермен біргемін Демеп пе еді Тәңірім?! Ендеше, тек сен мұңайма, Жарығым! Сен одан да түннің қойнын жарып шық, Күндей болып Жанарларды қарықтырсын жарығың! «Дерттімін мен» деймісің? Аш көзіңді, қырағым, Білмеймісің: Дерт – Жарыңа жеткізетін пырағың, Дерт – мойныңа асып жүрген тұмарың, Сенде ғана бар деп және ойлама, Сендейлер бар, аңсап жүрген сыңарын, Көкірегі күрсінетін құмар үн. Сен шалдыққан осынау дерт – Хаққа серт – Біреулерге асқан нығмет, шырағым. Үмітіңді үзе көрме, Жүсіпті еске ал, Асылым. Дертшең жердің шипасы бар, Өртшең жердің зипасы бар жасырын. Жоқшылықтың нығметі бар, Сауал туса жауабы бар, Сен тарсынба жоқшылықтың лашығын. Кеме соқсаң, су да шығар алдыңнан Ізде суды, шөлде, өртен, асығым. Сонда жердің асты-үстінен атқылап Суға толар қойны тау мен тасының. Дүниенің мал мен мүлкі пәдәрі – Бір жымиса жаннан артық Ғашығың. Қара оған, бірақ аңсап, мас болма, – Біл Дүниенің масылын. Теңіз сыймас өзен-көлге, Мұхит сыймас теңізге. Ғашық болмай, «Мен», «Сенді» ұқпас, Түсіндірме кеміске. Хаққа жетер жол бар десең, Сенбес ешкім лебізге, Жүрегінде нұры жоқ жан жанбас өзі, жана алмас, Және-дағы жан бере алмас егізге. Лә таһзан! Қайғырма, Жан! Аяғыңның сынғанына қайғырма, Бәлкім, Аллам сынған аяқ орнына Қанат берер, қанатыңды жайғын да, Самға көкке, тек төменге қайырылма. Құлап түссең құдыққа Оған-дағы қайғырып тек мойыма, Білсең, сынақ түседі ердің сойына. Шыңыраудан шыққаннан соң Мысырға Сұлтан болған Жүсіпті ал ойыңа. Қалағаның орындалса – бір қайыр, Орындалмай қалған болса – мың қайыр, Күдік-күмән жақындатпа бойыңа! Өткенің мен келешегің – шындығың Ал Ақиқат – біреу-ақ. Түс көргендей біл жалғанның сұмдығын, Тек сенімің тіреу – хақ. Сондықтан да күмәнданба, құлдығым, Сен – бұлбұлсың, Ал бұлбұлсыз – жүдеу бақ. Аяқ-қолың кесілсе егер түсіңде, Оянғанда, орны толар, қорықпа! Басқа түскен мың бір бәле үшін де Қайғы жұтып, зорықпа. Бір өзіңе тап берсе де қалың қол, Тағдырыңның өзгеретін сәті сол – Дәл сол тұстан Сен дайынсың жорыққа! Бұл ғаламның кітабы – Сен, маған сен, Өзіңді аш та, оқы Өзіңді, толықта! Тек торықпа! Қайда десең бұл ғаламның ең алыс бір нүктесі, Ол да сенің өз ішіңде, сөзімнің жоқ бүкпесі. Бірақ соны байқамайсың, Бар деймісің дертті күннің өтпесі. Дертің қандай болса-дағы, көз жасыңды төкпеші. Тек үмітің Алла болсын, Тас түйілген иман жібін сөкпеші. Бірі қалмай әлденеге ел сүйеніп жатқанда Сүйенерің Раббың болсын, басқадан сый күтпеші. Ешбір күнә Рақыманның Рақымынан күшті емес Сонда-дағы ғапыл болма, Жиғаныңды төкпеші... Румиден үзінді келтірген Ләйлі Құндақбай https://t.me/Soz_sinergiasy
Жүрегіңді жараласа әлдекім Сен мұңайма, жарығым. Тек жаралы жүректермен біргемін Демеп пе еді Тәңірім? Руми Қалыптаған Ләйлі Құндақбай https://t.me/Soz_sinergiasy
Үш балық (Румиден) Сөйле, тілім, ұмыт Хақтан өңгені, Хақтың сөзі – тамшы судай шөлдегі. Әлқиссасы әңгімемнің бүгінгі – Үш ғажайып балық жайлы көлдегі. Біріншісі – данасы еді балықтың, Тыңдамайтын өз ойынан өңгені. Екіншісі – ақылды еді ол-дағы, Бірақ әлі аздау еді көргені. Үшіншісі – ақкөз балық, ақымақ, Үшеуі де – көлдің еркін төлдері. Бір күн көлге келді бір топ балықшы Қолдарында – ау мен жылым, өрмегі. Айдын көлге тыныш жатқан мөлдіреп, Бір-ақ сәтте қауіп-қатер төнгені. Мұны көріп, дана балық баяғы «Мына көлден дереу қашқан жөн» деді. Жанындағы балықтармен кеңеспей, Жалт берді де, мұхит асып, өрледі. «Мұндай кезде кең ойлымен кеңессең, Жарқ еткізер тұрған шамды сөнгелі. Ал егер де ақымақпен кеңессең, Көрден шығар ғазиз басың төрдегі». Хақ Пайғамбар сыр ашқанда Әлиге «Көкірегіңе терең бүркеп көм» деді. Жан адамға айтпай сырды ол-дағы Сыбырлаған бір құдыққа шөлдегі. Дұрыс кейде ешбір жанға тіс жармай Кім-кімнің де сырын солай көмгені. Деді-дағы, көп машақат еңбекпен, Мұхит асып, жетті арманға, өлмеді. Ал екінші балық сол сәт өкінді: – Көрмеппін-ау, ақыл толы көмбені. Данышпанға неге еріп кетпедім, Шақырып-ақ еді ізіне ол мені. Жарайды, енді, өкінбейін өткенге, Одан да бір айла тапқан жөн, - деді. Мынау қаптап келіп қалған дұшпанға, Көрінейін жатқандай боп өлгелі. «Өлмей тұрып, өлген деген осы» деп Сопылардың сөзін сынап көргелі, Өлген болып, қимылдамай, қарнымен Көл бетіне қалқып шығып, көлбеді. Оны көрген балықшылар «қап-ай», - деп – Ең үлкені өліпті-ау, - деп, - көлдегі, Құйрығынан ұстап алып, жағаға Лақтырды да, қайта көңіл бөлмеді. Ал бұл болса, суға қарай жылыстап, Сүңгіп кетті, көрер жарық сөнбеді. Ауға түскен ақкөз балық үшінші, Қашпақ болып, шоршып көкке өрледі, Ау-жылым ба босататын торынан Шырмай берді қашқан сайын өрмегі. Сорлы ғапыл тәлім, білім, нақылдан Тағдырына көрінбейді көнбегі, - Олай-бұлай жұлқып жатыр жылымды Ол ісінен тағы ештеңе өнбеді. Балықшының табасына түскенде, Жатқанынан хабары жоқ өлгелі, Ойлап жатыр: «Осы жолы құтылсам, Ұстай алмас ендігәрі көл мені. Аттанамын шексіз мекен – мұхитқа Мұхит деген – даналықтың жөргегі. Хикаясы осы еді үш балықтың, Бұл тәмсілдің өте көркем өрнегі: «Туған жерді сүю – ол да иманнан» Дегенді естіп өсіп едік өнгелі. «Тұрған жерің – бола бермес туған жер, – Деген ойға санамызды өңдеді. Нағыз отан – бағыт алған мекенің Алаңдамай, алға ұмтыл», – деп жөндеді. Сөз иесі – Жәлаладдин Румиден Қазақшалап, Ләйлі сөзін мөрледі Ләйлі Құндақбай
Махаббаттың теңізіне сүңгимін, Тереңіне батып үнсіз мүлгимін. Кетемін солай. Екі әлемнің ортасында жанамын, Уақыттан тыс кеңістікпен ағамын. Кетемін солай. Әлиф те емес, дал да емеспін, мим де емен, Батқан сайын жеңем жауды «мен» деген, Кетемін солай. Жан Досымның бау-шарбағын жайлаймын, Бақшасында бұлбұл құс боп сайраймын. Кетемін солай. Жүрек болып, тән түнегін жағамын, Саған қарай бастайтын жол табамын. Кетемін солай. Сорлы ғашық – Мәжнүн Жүніс, Сал Жүніс, Ғашығыңа жетем десең, сәл тырыс. Кетемін солай. Тән шипасы, жанның емі – Жар демі, Ерік бермей, тұтқыныңа ал мені, Кетемін солай. Жүніс Әміре Қалыптаған Ләйлі Құндақбай https://t.me/Soz_sinergiasy
Махаббаттың теңізіне сүңгимін, Тереңіне батып үнсіз мүлгимін. Кетемін солай. Екі әлемнің ортасында жанамын, Уақыттан тыс кеңістікпен ағамын. Кетемін солай. Әлиф те емес, дал да емеспін, мим де емен, Батқан сайын жеңем жауды «мен» деген, Кетемін солай. Жан Досымның бау-шарбағын жайлаймын, Бақшасында бұлбұл құс боп сайраймын. Кетемін солай. Жүрек болып, тән түнегін жағамын, Саған қарай бастайтын жол табамын. Кетемін солай. Сорлы ғашық – Мәжнүн Жүніс, Сал Жүніс, Ғашығыңа жетем десең, сәл тырыс. Кетемін солай. Тән шипасы, жанның емі – Жар демі, Ерік бермей, тұтқыныңа ал мені, Кетемін солай. Жүніс Әміре Қалыптаған Ләйлі Құндақбай https://t.me/Soz_sinergiasy
Елдос Еміл ағамыздың әкесі Хабиболла Емілұлы қайтқанда айтылған көңілқос «Бісміллә» деп, қызыл тіл, Жолыңа түсіп, сөз баста Сөйлемей сөздің шаласын. Қылдан да нәзік кеуілдің Сындырып алма, абайла, Шытырлап тұрған шарасын. Жайсыздау хабар келіп тұр, Әкеткен екен ажал-оқ, Елдостай ердің «ағасын». Шайыр деп сенен жыр күтер, Шамаң бар ма, ширатар Шиырлап сөздің сарасын?.. * * * Айналайын, Елағам! Туысыңда бір мін жоқ, Алтын жалды аршылан – Айдарлы туған баласың. Кешегі дұшпан – Хиуаның Ханыменен ұстасқан Кім білмейді Адайда Үргенішбайдың қос тарлан Кежі мен Сүйінқарасын? Кежіден туған ер оғлан – Байтоқа сынды баласын, – Жалаң қолмен жалғыз-ақ Он сарбазын мерт қылып Көрсеткен күштің шамасын. Қарындастың ары үшін Қараша жұрттың қамы үшін Басын берген дұшпанға Қос бәйтерек – панасын? Кім білмейді жәна да Байтоқадан – жас шыбық Төңкерілген қазанның Астында қалған қарасын: Дәулескер күйші атанған Дүрендей дүлей дарасын? Әке-баба кегіне Қайнап туған шар болат, Дұшпанын мерт қып, емдеген Асқынған жүрек жарасын. Он алты жасқа жеттім деп, Іздеп тауып жауларын Жайратып кеткен сабазым! Даурыққан даңғой дұшпанның Сегіз бегін санап ап Сыпырып алған қанасын. Дүреннен дүреп дүр болған, Ел-жұрты сыйлап пір қылған Шәлеке сынды данасын. Тәубасы түспей тілінен, Ар-ұят өшпей ділінен, Ұстаған таза санасын. Шәлекеден туған Еміл-ді, Кім білмес сенің тегіңді, Есіміне қанық боп, Естіп тұр түгел алашың. Сескендірген айбаты, Кеңестің қызыл жағасын. Қылса да Кеңес қызметін, «Халық жауы» атанып, Көтерген нақақ жаласын. Емілден туған берен ер Әбиболладай кемеңгер Көзінің ақ пен қарасын. Әбиболладан Өзіңсің Тәңірлік үнмен тербеген Қазақтың жалпақ даласын. Ардақтаған атаңыз Өтіпті дүние-жалғаннан, Ауыр қаза перзентке, Бұған жоқ, Аға, таласым. Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет – Әруақтың алып батасын Көтеріп туын барасың! Жалғыз Жаппар Құдайың «Нарым» деп жүгін артқан соң, Мұны да қабыл аласың! Нар көтермес ауырды Омыртқадағы жауырды Білдірмей жабу жабасың. Жалғызбын деп торықпа Алдыңда Айтман ағаң бар Аман қылсын Жан Аллам, Алтын бір тонның жағасын. Ағалап арқа сүйейтін, Ізіңнен ерген інің бар, Өзің де көпке ағасың. Артыңнан ерген қаралар Аман болсын, Жан Аға, «Тәубалап» тыным табасың. Бұл айтылған қос шумақ Қарындасың – Ләйлінің Тақпақтап айтқан сөзі еді, Жұбатам деп ағасын. Қызыл тілде буын жоқ, Артығын кешсе, Жан Аллам, Доғардым сөздің саласын... 01.04.2026.
Білесің Сенен сұлу таппаймын, оны да Өзің білесің. Тапсам, Саған жақпаймын, оны да Өзің білесің. Сүйіп қалып, дерттімін, жарақатым тым ауыр, Бірақ дәрі жақпаймын, оны да Өзің білесің. Сен – бағымның Раушаны, оны да Өзің білесің. Сен – жанымның кәусары, оны да Өзің білесің. Сен жүзіне қарасаң, Күннің көзі ұялар, Оның да Сен – аңсары, оны да Өзің білесің. Беріш еді етім де – оны да Өзің білесің. Жан бітірдің метінге – оны да Өзің білесің. Сөйте тұра бүркеулі айдай толған жүзіңнің Көрсетпедің шетін де – оны да Өзің білесің. Құтқармайды құрығың, оны да Өзің білесің. Еркімді алдың, құрыдым, оны да Өзің білесің. Киіктей боп қашсам да, тобығыңа түсетін Тұтып қалды бұрымың, оны да Өзің білесің. Жанарыңның шуағы – күн секілді, білесің, Бұйра шашың қап-қара түн секілді, білесің. Тәнім, жаным – қонағың, қағып тұрған қақпаңды, Сенсіз Жәми бір шымшым күл секілді, білесің. Жәми Қалыптаған Ләйлі Құндақбай #ramazan_mubarak https://t.me/Soz_sinergiasy
Көзім – Сені көрмек үшін, қолым – Саған созбаққа, Жаным бүгін сапар шегер тағдырынан озбаққа. Құзырыңа жеткен кезде, ала бермей сұраққа, Сен де бір сәт мейірім төк: тастай көрме жұмаққа. Бау-бақшаң да керек емес, кірмеймін ол тұраққа, Жұмақ үшін жылағам жоқ, жанымды олай жұбатпа. Жәннат дейсің, және де оған шақырасың барлығын, Хордың қызын ұсынасың, ол да емес қой зар-мұңым! Ей, Жан Аллам! Жарылқай гөр Жар аңсаған жанымды, Қойнына сап һүрлеріңнің сындырмағай сағымды! Жұмағың мен хор қыздарын Жақсыларға қалдыр да, Сүйіктісі бар бейбақтың көңілін бұлай қалдырма. Жамалыңды бір көрсетіп, жанымды оттай жандыр да, Тозағыңа тастап жібер, құмарымды қандыр да. Міскін Жүніс Саған ынтық, ынтықпысың Сен де оған? Бір тілекті берсең етті, Сенсің – Ұлық, мен – тозаң. Жүніс Әміре Қалыптаған Ләйлі Құндақбай https://t.me/Soz_sinergiasy
Наурыз жыры Қайырымды Күн-Ана, Нұр төгумен өтші, Кеудесі түкті Жер-Ана, Құлпырумен өтші. Қуаты күшті От-Ана, Бақ, Ырыс боп жетші, Қойыны құтты Су-Ана, Күнәдан пәк етші! Көк-Ана, Көктем-Ана, Төгіліп көктен ана Көгертші көктеп, Ана, Өрбітші өркен, Ана, Көрікті, көркем ана, - Қош келдің, Көктем-ана! Сағынтып келген көрдің бе мына көктемді, Далама менің түсіріп жатыр көк белгі. Әз-Наурыз келіп, аралап жүрген сияқты Жұпары борап, керіліп жатқан бөктерді. Көңілдеріне титімдей өкпе қоспаған, Көрісіп жатыр ағайын, бауыр, дос-жаран. Серілеріне «ұйқыашар» көже пісіріп Ару қыздардың қолында бір-бір тостаған. Төгіліп жатыр күмбірі бөлек күй асыл, Жастар жүрген жер қашанда ән, жыр, би, әзіл. Бәйшешек гүлдей нәзік те сұлу қыздарға «Селт еткізерге» серілерден де сый әзір. Бұл күні жылдың алғашқы айы туған-ды, Табиғат-ана нұрменен жүзін жуған-ды. Наурыздың аппақ батасын беріп кетем деп, Қызыр баба жүр аралап Наурыз-думанды. Бұл күні таңның шапағы жайнап атады, Бұл күні күн де асықпай, жайлап батады. Күн менен түннің теңелген ұлы күнінде Қазақы елдің қазаны қайнап жатады. Тал шыбық егіп, тәбәрік байлап жатады, Төрт түлік малын көгалға айдап жатады. Рауандап атқан таңына жаңа көктемнің Жыр-арнау оқып, бозторғай сайрап жатады. Самарқанның көк тасы еріп жатады, Ағарған ішіп, қызылдан жеріп жатады. Аталы ұлға Ұлыстың ұлы күнінде Ақсақал қауым батасын беріп жатады. Ананың бәрі қашанда көпке тілекші, Аналарға да жыр арнап, жүрек, дір етші. Жер-дағы ана, көктем де ана, көк те ана, Ана біткеннің кеудесіне тек гүл екші! Көк-Ана, Көктем-Ана, Төгіліп көктен ана Көгертші көктеп, Ана, Өрбітші өркен, Ана, Көрікті, көркем ана, - Қош келдің, Көктем-ана! Ләйлі Құндақбай 2002 ж. https://t.me/Soz_sinergiasy
Жүз құбылып, шоқ салдың жүрегіме, Жарығым, Жараланған жанымның жары – бақыт, жары – мұң. Мәжнүн қылдың есі ауған не салса да көнетін Жүз құбылған тұрлаусыз қылығына жарының. Жатсам-тұрсам жалғыз ой мазалайды бүгінде, Жалғыз тілек жаралы жүрегімнің түбінде: Халлаж сынды Өзімді Сен деп елге жар салып, Саған сіңіп жоқ болсам, қалмаса екен түгім де. Өзіңді ойлап қан жұтып, тағдырыма көнейін, Өзіңді ойлап қайғырып, Өзіңді ойлап өбейін. Өзіңменен тыныстап, бір болудың жолында Құрбан қылып барымды, өлмей тұрып өлейін. Руми Қалыптаған Ләйлі Құндақбай #ramazan_mubarak https://t.me/Soz_sinergiasy
Мені іздеме бұл маңнан Мен бұл жерге қонақпын. Махаббаттың жолына Мен Өзімді тонаттым. Ақиқатқа суарып Жүректерге оқ аттым. Жебесіндей садақтың Үстін-үстін бораттым. Ал көз жасым көл болды - Шамсиімді жоғалттым. Жасым тамған сол жерден Гүлдер шығар көп-ақ тым. Мың сан гүлдің ішінен Аппақ бір гүл жырақ тұр, Сол гүл білер жауабын, Сен іздеген сұрақтың. Руми Аударған: Ләйлі Құндақбай
Видео от Ләйлі Құндақбай
без подписи
без подписи
Ей, Әуені жеті қат көкті тебіренткен Жеті Жүрек! Былайғы жұрттан дерті бөлек, Жарына берген серті бөлек, Сен мұнша сынақтан қалай өттің екен? Ей, жарақатынан нұр тамған Жеті Жүрек Ғашық үніңнің өрті бөлек, Жәудірегенде мөлті бөлек бейкүнә жасыңды қанша түн төктің екен? Сені қайта қатарға тұрмайды деп еді ғой бізге, Жақұтты тізбегін қайта құрмайды деп еді ғой бізге, Сені енді үні шықпастай болды деп еді ғой бізге, Енді қатарың сиремесе екен! Көңілің қайта күйремесе екен, Мұңлығым! Қаншама күндерді үнсіз өткізген, Үнсіз тұрып-ақ әуенін ғаршыға жеткізген, Сен қатарланып үнсіз тұрсаң да биіксің, құлдығым! Бірақ Сен енді үнсіз тұрмашы Атаңның аманат – Ақ сөзін жырлашы, Сен солай аластап жіберші мынау ғаламның сұмдығын!
Құрметті қауым! Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан халық ақыны, Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылығына арналған «Аралап жердің жүзін жүрер сөзім...» атты кездесу кешіне шақырамыз. Кеште «он бір буын өлеңмен» (с) он айда шығыс жауһары "Шаһнаманың" 40.000 жолын қазақша сөйлетіп берген Сыр сүлейінің жыр-термелері орындалады. Кешті ұйымдастырушы: «Өмірге ғашық болу» қоғамдық қоры. Өтетін орны: Wyndham Garden Astana, Хусейн бен Талал, 25. Өтетін уақыты: 25 қаңтар, 2026 жыл. Сағат: 18.00.
Румиден бір ой Нәпсіңіз – бір Әйдары жатқан бұғып, Айдарын ұстамаңыз мақтан қылып – Орнынан көтеріліп тұрар болса Қоймас ол қалайда да шаттандырып, Бақылау қойылған соң, қалғып-мүлгіп, Уақытша жатқан неме баптан шығып, Жағдайы жасалған соң, сылап-сипап Жан енер денесіне жатқан шіріп. Күдір жал, құйма тұяқ, құлан құйрық Жараулы тарпаңдай боп аптал күлік Құтырып шыға келіп, бір-ақ сәтте – Өзіңді іліп кетер көкпар қылып. Есіріп алғаннан соң тоқтамайды, Ессізде болсын қандай мақтар қылық? Көзіне түссең сонда бір-ақ үрлеп, Жіберер жәһаннамға аттандырып Нәпсіңіз осы, жаным, өп-өтірік Өлген боп көзін іліп жатқан бүлік. Кешегі кемеңгерлер айтып кеткен Алған соң мұндайынша ақпарды ұғып, Сөзінен нәбилердің пікір түйген Шайырың зарлап отыр сақтандырып... Ләйлі Құндақбай 15.01.2019.
без подписи
Хадистен Жүрегің – кеудеңдегі берік қамал, Сәт сайын аймалайтын келіп самал. Ол самал – ой болады толастамас, Кейде – нұр, кейде – бұлттай төніп қамар. Нұрлы ой келсе кіріп ол қамалға Жүрегің мұнтаздай ақ болып қалар. Қара бұлт қаптап келсе түңілдіріп Дауасы – қарсы тұру тауып амал. Ізгі оймен көңіліңді нұрландырсаң Түнекті қақ жаратын ол бір Қамар. Ұлғайта берсең жарық шұғыласын Қамалың сәулеленіп шамдай жанар. Жайнаған самалалы қамалыңа Қандай жау дәті шыдап келіп шабар? Жүректің көзін ашса Адамизат Ақырға дейін бедел алып қалар. Ал енді теріс ойды қонақ қылсаң Айнасын кеуіліңнің дақ боп шалар. Қамалды алдырған соң дұшпаныңа Абырой не болмағы анықталар. Баябан кеудеңдегі зор қамалдың Жарығы соққан лептен сөніп қалар... Сансыз көп бөлмесінен сол қамалдың Қармалап қараңғыда кім не табар? Әр бөлме кілті аузында, айқара ашық - Сыйқырлап, қарай қалсаң есіңді алар: Бірінде – қызыл-жасыл сәнді ғұмыр - Алтынды шамаң жетпес тіпті санар. Дүр, гауһар, асыл, ақық жайнағанда Арбалар сұғын қадап жәудір жанар. Байлық пен билік кілті қолға тисе – Көңіл – қап, толар ма екен түпсіз қанар? Тағы бір бөлме толы хордың қызы - Сөйлесе тілі майда бал боп тамар. Балқытып тұла бойды балдай қылық Жанасып, жан-жағыңнан келіп қамар. Иітер алпыс екі тамырыңды - Қымызын ұсынады толы самар... Тағы бір бөлме болар бұл қамалда Санаңнан әлсіз ғана сағымданар. Қарасаң, көре алмассың бас көзімен, Жетелер оған қарай нұрлы самал, Көзіңді жұмсаң басқа бөлмелерге, - Жарқ етіп сонда ғана шамдай жанар, Елеусіз, таса тұрған бұл бөлмені Басқа емес, кеуіліңнің көзі табар. Уа, дарих, сол бөлмені тапқан кезде - Жарыңа жолығарсың Сақыпжамал! Жаранның Жарын тапқан зор еңбекпен Жеті ықылым жетегінде болып қалар. Бумасы сансыз кілттің қолға түсіп, Бөлмесін өзі ашады алып манар. Жамағат, бұл айтылған бір сыр еді, Ғибрат қып оқығанға бір ой салар. Әркімнің ықтияры, еркі өзінде – Шешімін Ой Иесі өзі табар... Ләйлі Құндақбай 2018.