Azattyq - Азаттық
СтатистикаТәуелсіз елге тәуелсіз ақпарат! ❗Телеграм-арнамыздағы материалдарды бөліскенде бізге сілтеме беруді сұраймыз. 📍Website: https://www.azattyq.org 📍Instagram: https://www.instagram.com/azattyq/
- Последний пост
- 15 авг.
- Последнее чтение
- 15 авг.
- Постов за неделю
- 41
- Всего постов
- 41
- Тип
- открытый
- Язык
- казахский
- Категория
- Новости и СМИ (по похожим)
- В каталоге с
- 12 авг.
- 1/24сутки в ленте
- 932
- 1/48двое суток
- 1 000
- 1/72трое суток
- 1 078
Медиана по постам, которые мы застали свежими и померили через сутки.
Посты
Азаттық сайтында әлеуметтанушы, PaperLab зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаевтың сұхбаты жарияланды. Сарапшының пікірінше, Қаңтар оқиғасынан кейін билік саяси либерализациядан гөрі бақылауды күшейту жолын таңдаған, ал қоғамда саясаттан алшақтау мен апатия күшейген. Ол қазақстандықтарды ең алдымен бағаның өсуі, экология, жемқорлық пенмемлекеттік басқару сапасы алаңдататынын, бірақ бұл мәселелер сайлау кезіндегі негізгі пікірталастардан тыс қалып отырғанын айтады. Бейсембаевтың сөзінше, қоғамда билікті сынаудан қорқу мен өзін-өзі цензуралау байқалғанымен, өзгеріске деген сұраныс жоғалмаған: олардың сауалнамаларында респонденттердің 70 пайыздан астамы өзгеріс қажет екенін айтқан.
🎶 Америкалық рэпер Канье Уэстің Алматыда бүгін, 14 тамызда өтуі тиіс концерті 15 тамызға жылжыды. Желіде тараған видеоларға қарағанда көрермендер Алматының Орталық стадионына жинала бастағанда концерт кейінге шегерілгеніне хабарланған. Кейін әнші Х желісінде "ауа райына байланысты концерт сенбіге ауысқанын, көрермендердің денсаулығы мен қауіпсіздігі басты приоритет" екенін жазды.
❗️Алматы қаласында жарық беріліп жатқаны хабарланды.
⚡Жарық сөнген Алматыдағы ахуал қандай? Алматыда жарықсыз қалған Бостандық. Наурызбай, Әуезов және Алатау ауданында полиция күзеті күшейді. Метро жұмысы тоқтап, жолаушыларды вагондардан эвакуациялаған. Бағдаршамдар өшкендіктен қала көшелерінде үлкен көлік кептелісі болды. Шымбұлақта аспалы жол тоқтап қалғаны да айтылды. Бүгін, 14 тамыздда Алматыдағы Орталық стадионда америкалық рэпер Канье Уэстің концерті жоспарланған. Энергетика министрлігі жарық біртіндеп беріле бастайтынын мәлімдеді.
⚡Орталық Азия елдерінде жарық сөнді. Алматыда метро тоқтап, көшеде кептеліс болды 14 тамызда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда жарық сөнді. 🇰🇿Қазақстан энергетика министрлігі "энергетикалық жүйеде қуат күрт артып, оған Орталық Азияның энергетикалық жүйесі тарапынан электр энергиясы ауысымының күрт өзгеруі себеп болды. Нәтижесінде апатқа қарсы автоматика іске қосылып, кейбір өңірлеріндегі тұтынушылар ажыратылды" деп мәлімдеді. Алматы қаласы, Алматы облысындағы Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген, Талғар аудандарында жарық сөнген. Алматы қаласында бағдаршамдар істемей кептеліс болып, метро тоқтаған. Кейбір алматылықтар су берілмей жатқанын да айтты. Энергетика министрлігі KEGOC компаниясы электр энергиясын қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізіп жатыр деді. 🇹🇯Тәжікстанның Душанбе, Куляб, Ходжанд, Вахдат, Нурек, Гиссар, Шахринав қалаларында жарық сөнгені хабарланды. Ресми Душанбе жарық сөнгеннің себебін айтпады. Ал "Азия плюс" басылымының дереккөзі Нурек ГЭС-індегі агрегатқа ауыр жүктеме түсуі мүмкін деген. 🇺🇿Өзбекстан энергетика министрлігі елдің бірнеше облысы жарықсыз қалғанын хабарлады. Ведомство жарықтың сөнуіне көрші елдердің біріндегі апат себеп дейді. Министрлік жарық біртіндеп берілетінін айтады. 🇰🇬Ал Қырғызстанның Бішкек қаласы мен Ыстықкөл облысының тұрғындары жарық сөнгеніне шағымданды. Елде жарықтың сөнгеніне қатысты үкімет тарапынан әзірге ресми мәлімдеме болған жоқ. Бұған дейін энергетиктер 14 тамызда Бішкек пен бірнеше аймақта жоспарлы түрде жарық сөнетінін айтқан.
‼️ Курил аралдарына Путиннің алғашқы сапары Жапонияның наразылығын туғызды 🇷🇺 Ресей президенті Владимир Путин Кремльде билік басына келген 2000 жылдан бері Курил аралдарына алғаш рет сапармен барды. 13 тамызда Путин Үлкен Курил жотасының шеткері тұсындағы, Жапонияның Хоккайдо аралына жақын жатқан Итуруп аралында болды, "Ясный" балық өңдеу зауытын аралап, қызыл уылдырықтың дәмін татқан. Бұдан соң Путин Сахалинге барып, Тынық мұхиты флотының әскери оқу-жаттығуларына қатысты. Ол әскери-теңіз күштерінің айырым белгісі жоқ формасын киіп, жаттығу барысын бақылаған. 🇯🇵 Путиннің Курил аралдарына сапары Жапонияның шамына тиді. Даулы аралдарды өз аумағы деп санайтын Токио наразылық білдірді. Жапон премьер-министрі Санаэ Такаичи Путиннің сапарын "жапон халқының намысын қорлайтын және мүлде қабылдауға болмайтын әрекет" деп бағалады. 📝 Жапонияның сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэгидің мәлімдеуінше, Курилдің оңтүстік бөлігі "тарихи тұрғыдан да, халықаралық құқық тұрғысынан да Жапонияның ажырамас бөлігі саналады". Токио Ресей елшісін түсініктеме беруін талап етіп шақыртқан. Ал Ресейдің Жапониядағы елшілігі мұны "негізсіз демарш" деп атап, "оңтүстік Курил аралдары – Ресей федерациясының заңды құрамдас бөлігі" деп мәлімдеді. 📣 Мәскеу мен Токио Курил аралдарының (Итуруп, Шикотан, Кунашир және Хабомаи) мәртебесіне қатысты ондаған жылдар бойы дауласып келеді. Бұл аралдар Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Совет одағы мен Жапония арасында даулы аймаққа айналған. Совет өкіметі Жапонияға тиесілі аралдарды 1945 жылы аннексиялап алған. Мәскеу аралдарды өз иелігі деп есептейді, ал Жапония бұл аумақты өзінің бір бөлігі санап, оны қайтаруды үнемі талап етіп келеді.
‼️ Оман маңындағы теңіздегі мұнай дағы 1700 шаршы шақырымға жетті 🚤 Оман жағалауында Ресейдің "тасадағы флоты" құрамындағы "Каролина Безенджи" танкерінен бірнеше апта бойы теңізге ағып жатқан мұнай ластаған аумақ 1700 шаршы шақырымға жеткен. Greenpeace ұйымы Халаният аралдары маңының спутниктен түсірілген суреттерін талдап, осындай қорытындыға келгенін экологиялық ұйым өкілі "Настоящее время" арнасына айтты. Танкер шілде айының бірінші жартысында қайранға шөгіп қалған еді. ⚫️⚫️ Экологтар дерегінше, 26 шілде күні аумағы небәрі 45 шаршы шақырым болған мұнай дағының көлемі күн сайын ұлғайып, 4 тамызда 600 шаршы шақырымға, ал 13 тамызда 1700 шаршы шақырымға жеткен. Қазір мұнай дағы Оманның Рас-Мадрака жағалауына жақындап, танкер тұрған тұстан солтүстікке қарай шамамен 200 шақырымға дейін жайылған. 😔 "Халаният аралдарындағы маржан рифтеріне, теңіз өсімдіктері өсетін аймақтарға және жағалаудағы экожүйелерге қауіп төніп тұр. Бұл аумақтар сирек кездесетін теңіз тасбақаларының, теңіз жыл құстарының және сүтқоректі теңіз жануарларының мекені саналады", – деді Greenpeace MENA ұйымының саяси науқандар жөніндегі жетекшісі Ханен Кескес. 🇨🇲 Камерун туын іліп алып, Ресейден Үндістанға шамамен 110 мың тонна шикі мұнай апара жатқан "Каролина Безенджи" танкері шілде айының басында Оман шығанағында зақымданғанын хабарлаған. Reuters мәліметінше, кеме бортында бір немесе бірнеше жарылыс болған. Танкерге шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түскен жоқ. Ресейдің "тасадағы флотымен" байланысы болғандықтан бұл кеме Еуроодақ, Ұлыбритания және АҚШ санкцияларына іліккен.
❤️ Жабылуға шақ тұрған "Астана" клубының баскетболшылары президенттен жәрдем сұрады. Спортшылар неге бюджетке қол жая береді? 🏀⛹🏻♂️⛹🏻 Қазақстанның спорт және туризм министрлігі "Астана" баскетбол клубын қаржыландыруды тоқтатты. Осыдан соң клуб ойыншылары жәрдем сұрап ел президентіне жүгінді. Бұл – Қазақстан спортында кейінгі уақытта қаржы мәселесіне қатысты шыққан кезекті дау-дамай. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева да қаржы мәселелерін шешу үшін шулы мәлімдемелер жасаған.
🔥 Wildberries шығыны 800 млрд рубльге дейін жетуі мүмкін – медиа 💸 Ресейдегі ең ірі Wildberries маркетплейсіне және онымен серіктес сатушыларға украиналық дрон шабуылдары әкелген шығынның жалпы көлемі 600-800 млрд рубльге дейін жетуі мүмкін. Мұны Data Insight зерттеу агенттігінің жетекші сарапшысы Сергей Семконың бағалауына сүйеніп Forbes жазды. 🔍 Сарапшының есебінше, Wildberries-тің қоймалары мен логистика инфрақұрылымын қалпына келтіруге 147-223 млрд рубль қажет болуы мүмкін. Егер бүлінген нысандарды толықтай бұзып, қалдықтарды шығару және аумақты рекультивация жасау қажет болса, шығын көлемі 278,9 млрд рубльге дейін өсуі ықтимал. 📉 Ал маркетплейспен серіктесіп жұмыс істейтін сатушылардың алдын ала есептелген шығын көлемі 445–507,8 млрд рубльге жетуі мүмкін. Бұған дейін Ресейдің электронды сауда алаңдарына тауар жеткізушілер қауымдастығының (АПТЭП) басшысы Маргарита Евстигнееваның бағалауы да осыған ұқсас шыққан деп жазды Deutsche Welle. ⚠️ Евстигнеева Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдар салдарынан 400 мыңнан астам сатушы зардап шеккен деді. Олар айрылған табысты қоса есептегенде, келген шығынның жалпы көлемі 600-700 млрд рубльге жетуі мүмкін.
💥 Италиядағы KNDS қорғаныс зауытында жарылыс болды 🔥 13 тамызда Италияның Коллеферро қаласы маңындағы оқ-дәрі шығаратын зауытта күшті жарылыс болды. Жарылыс зауыт аумағындағы өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанда, өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері жүрген кезде болған. Жарылыстан зардап шеккендер жоқ, оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр деп мәлімдеді зауыт иесі KNDS компаниясы. 📣 Италияның ANSA агенттігі жарылыс оқ-дәрі цехында болған деп хабарлады. Коллеферро қаласының мэрі Джулио Каламита журналистерге егер оқиға жазғы демалыс уақытынан басқа кезде болғанда, "қасіретке айналар еді" деген. 📝 Кәсіпорын сайтындағы ақпаратта зауыт құрлықтағы және теңіз қорғаныс жүйелеріне арнап орта және ірі калибрлі оқ-дәрі шығаратыны, оған қоса аэроғарыштық зымыран-тасығыштарға арналған қатты зымыран отынын өндіретіні айтылған. KNDS Ammo Italy – 2023 жылы Еуропалық қорғаныс агенттігімен 155 миллиметрлік оқ-дәрілер жеткізу туралы келісімшартқа отырған мердігерлердің бірі. KNDS холдингі Украинаға да қару-жарақ жеткізеді деп жазды The Moscow Times. 🔥 10 тамызда Болгариядағы Белица ауылы маңындағы EMCO кәсіпорнында жүк көлігінен басталған өрт кейін оқ-дәрі қоймасын қоса шарпып, оның аяғы жарылысқа ұласқан еді. Кәсіпорын иесі бизнесмен Эмилиан Гебревтің компаниялары 2014 жылдан бері Украинаға қару-жарақ жеткізумен айналысады. 300-ге жуық қызметкер эвакуацияланған, ешкім зардап шекпеген.
❗Вэнстің сұрауынан соң Киев Қазақстан мұнайын таситын танкерлерге шабуылды тоқтатты - FT АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің сұрауынан кейін Украина Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск портын қолданатын танкерлерге шабуылды тоқтатқан. Бұл туралы Украина…
🔴 "Хочу жить" жобасы Астананы Лұқпан Ахмедияровты қудалауға жол бермеуге үндеді 💥 Ресей армиясы сапында Украинада соғысып жүргендерді ажалдан аман қалу үшін ерікті түрде тұтқынға берілуге шақыратын Украинаның "Хочу жить" мемлекеттік жобасы Астана полициясының журналист Лұқпан Ахмедияровты "көрінеу жалған ақпарат тарату" күдігімен қылмыстық іс қозғап, тергеуге алғанын оның кәсіби қызметіне қысым көрсету деп бағалап, Қазақстан билігін сөз еркіндігі қағидаларын сақтауға шақырды. 🇰🇿Астана әзірге бұл мәлімдемеге пікір білдірген жоқ. 🗣 13 тамыздағы мәлімдемесінде "Хочу жить" жобасы Ахмедияровтың "Просто журналистика" жобасында айтылған Ресей әскері құрамында соғысқан немесе соғысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін бұған дейін өзі жариялағанын айтқан. Украиналық ұйым қолында әлемнің 135 елінен шыққан 28 мыңнан астам шетел азаматы туралы дерек барын, оның ішінде кемінде 2420-сы Қазақстан азаматы екенін айтқан. Бұл мәліметтер бірнеше рет жарияланып, Украинадағы Қазақстан консулы Бауыржан Бегәлімовке де тапсырылғанын атап өткен. 📝 Жоба тізімдердегі деректер толық болмауы мүмкін екенін айтып, оларды құқық қорғау органдары, журналистер мен OSINT-зерттеушілер қосымша тексеріп, нақтылауы үшін жариялайтынын түсіндірді. 🇺🇦 "Хочу жить" Қазақстан билігі журналист Лұқпан Ахмедияровты кәсіби міндетін атқарғанына бола қудалауға жол бермей, сөз еркіндігін қамтамасыз етеді деп үміт білдірді.
❗Нұрай Серікбайдың қазасына айыпталған ер адамға үкім шықты Шымкент қаласында 21 жастағы студент қыз Нұрай Серікбайдың қазасына айыпталған 28 жастағы Шерхан Аймахан өмір бойына түрме жазасына кесілді. Үкімге сай, айыпталушы Нұрайдың отбасына 25 млн теңге беруі тиіс. Жәбірленуші тарап 10 млрд теңге талап еткен еді. Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің "Асқан қатыгездікпен кісі өлтіру"; "Сталкинг" және "Некеге тұруға мәжбүрлеу" баптары бойынша айып тағылған. Айыптау актісіне сай, Шерхан Аймахана Нұрай Серікбайдың денесіне 35 рет пышақ жұмсаған. Студент қыз сол жерде жан тапсырған. Сотта айыпталушы тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеген. Бұған қоса, сотта қорғаушылар Аймаханның ақыл-есінің дұрыстығын қайта саралауды сұрағанымен, судья бұл өтінішті қанағаттандырмаған. 1 сәуірде Аймахан мәжбүрлеп емдеуге жіберілгені белгілі болған. 30 сәуір күні ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов дәрігерлер күдіктінің ақыл-есі дұрыс деп қорытынды жасағанын айтқан. Сот отырысында прокурор Мадияр Әбілқасымов айыпталушыға өмір бойынша түрме жазасын сұраған еді. 🔹Оқиға қалай болған? Алматыдағы оқуынан қысқы демалысқа Шымкенттегі үйіне келген Нұрай Серікбай биыл 11 қаңтарда кешке үйінен дүкенге шыққан кезде бір жігіт пышақтап, қашып кеткені түсіп қалған видео тараған еді. Ауыр жараланған студент қыз сол жерде көз жұмған. 13 қаңтарда полиция күдікті Шерхан Аймаханды Шымкенттен 10 шақырымдай жерден ұстаған. Кейін оның үстінен "Адам өлтіру" бабымен іс қозғалған. Марқұмның жақындары Нұрай былтыр жазда тойда танысқан жігіт көп өтпей қызға сөз салып, қазан айында еркінен тыс алып қашқанын айтқан еді. Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Туыстары Нұрайды полиция көмегімен жігіттің үйінен алып кетіп, артынша құқық қорғау органдарына арызданған. Бірақ күдікті қайта мазаламайтынын айтып уәде еткендіктен, кешірім берген. Алайда аңду, қорқытып-үркіту тоқтамағанын айтқан қыздың ата-анасы прокуратура мен полицияға арызданған. Нұрайдың туысы "прокуратура мен полиция бұл арыз бойынша жұмыс жүргізбеген" деп мәлімдеген еді. 22 қаңтарда Қазақстан ішкі істер министрлігі Нұрай Серікбайдың ісінде "салғырттық" танытқан полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Кейін Шымкент қаласының полиция бастығы, оның орынбасары, полиция департаментінің бастығы қызметтен шеттетілген.
🇮🇷 Иранда зорлықшыдан қорғанғанын айтқан 23 жастағы әйелге өлім жазасы орындалды Иранда өзін зорламақ болған ер адамнан қорғанғанын мәлімдеген 23 жастағы Мәрзие Ниери өлім жазасына кесілді. Үкім 8 тамыз күні таңсәріде Казвин қаласының орталық түрмесінде орындалғанын Euronews хабарлады. Ақпаратты Иранның Ұлттық қарсыласу кеңесінің Әйелдер кеңесі де растады. Iran Human Rights құқық қорғау ұйымының мәліметінше, 17 жасында отбасының қысымымен мәжбүрлі түрде тұрмысқа шыққан Мәрзие Ниери 18 жасында өзін зорламақ болған ер адамнан қорғану үшін пышақпен қарсылық көрсетіп, әлгі кісіні өлімші етіп жаралаған. Алыс-жұлыста күйеуі де қаза тапқан. Ниери оқиғадан төрт күн өткенде полицияға өзі барып, болған жағдайды хабарлаған. Сот оның өзін-өзі қорғағаны туралы айтқан уәжін қабылдамаған. Марқұмдардың туыстарының талабымен әйелге Ирандағы исламдық құқық жүйесіндегі "қисас" қағидасы ("қанға–қан") бойынша өлім жазасы кесілген. ▪️ Iran Human Rights ұйымының дерегінше, 2026 жылдың басынан бері Иранда өлім жазасына кесілген кемінде 14 әйелдің үкімі орындалған. ▪️ АҚШ мемлекеттік департаментінің мәліметі бойынша, 2025 жылы Иранда кемінде 61 әйелге өлім жазасы орындалған. Сол жылы елде кемінде 1639 адам өлім жазасына кесілген. ▪️ Amnesty International ұйымының мәліметінше, ал өлім жазасы бойынша Иран әлемде тек Қытайдан кейін қалып, екінші орында тұр.
🧕 ЮНЕСКО: Ауғанстанда 2,4 миллионға жуық қыз бала орта білімнен қол үзген 📝 Ауғанстанда 2026 жылға қарай 2,4 миллионға жуық қыз бала орта білім алуға қол жеткізе алмай отыр. ЮНЕСКО ұйымы Ауғанстандағы қыздар мен әйелдердің білім алуына қойылған шектеу жайлы есебінде осындай дерек келтірген. ⚠️ 2021 жылы Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы қайтадан билікке келген соң қыз балаларға бастауыш мектептен кейін оқуын жалғастыруға тыйым салған. Ал 2022 жылдан бастап әйелдер мен қыздар университетте білім алу құқығынан айырылды. ❌ Бұдан бөлек, олар жұмысқа тұруға және қоғамдық өмірге араласуға талпынған кезде қатаң шектеулерге кезігеді. ЮНЕСКО дерегі бойынша, бұл тыйымдар Ауғанстанда кейінгі жиырма жылда білім беру саласында қол жеткізілген елеулі жетістіктерді жоққа шығарды. ✍️ 2001 жылы Ауғанстандағы бастауыш мектептерде қыз балалар өте аз болса, 2021 жылға қарай, яғни "Талибан" екінші рет билікке келгенге дейін, елде бір миллионға жуық қыз бала орта мектепте білім алып жүрген.
❤️ Талибан билігі тұсындағы ауған жастарының тағдыры 2021 жылы Ауғанстанда билікке тәліптер келер алдында Азаттық Кабулдағы ауған жастарымен сөйлескен еді. Олар бұлыңғыр болашағына алаңдайтынын айтқан. Содан бері олардың өмірі қалай өрбігенін бақылап келдік. Талибан билікті қолға алғанына бес жыл толғанда сол жастармен қайта тілдестік. Азаттықтан оқыңыз
⚡️Путин ресейлік "тасадағы флот" кемелерін ұстағандарға сес көрсетті 🗣️ Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу Еуропа одағы елдері мен басқа мемлекеттердің ресейлік сауда кемелерін ұстауына солардан "айна-қатесіз" жауап қатуға мәжбүр болады деп мәлімдеді. 🇷🇺 12 тамызда Сахалин аралында Тынық мұхиты флотының әскери қызметшілерімен кездескенде Путин Ресейдің Батыс санкцияларын айналып өту үшін пайдаланатын "тасадағы флотына" жататын кемелердің ұсталуын "қарақшылық" деп атады. 🧭 Ол Мәскеудің қарымта қадамы ресейлік кемелер ұсталған теңіз аймақтарымен шектелмей, "кез келген жерде", соның ішінде Тынық мұхиты флотының жауапкершілік аймағында жүзеге асуы мүмкін екенін айтқан. 🗣 Ресей сыртқы істер министрлігі Еуропа одағын IRINI миссиясын коммерциялық жүк тасымалдаушыларды "қорқыту және теңізде еркін жүзуге кедергі келтіруге" пайдаланып отыр деп айыптап, мұндай әрекеттер Еуропа одағының өзіне "үлкен қауіп" төндіруі мүмкін деп мәлімдеді. 🌐 Reuters дерегінше, 2026 жылдың басынан бері Еуропада Ресейдің "тасадағы флотына" жатқызылған кемінде тоғыз кеме ұсталған, олардың төртеуі Франция аумағында немесе француз билігінің бақылауындағы аймақта тоқтатылған.
❤️ Емдей ме, азаптай ма: Ақтастағы жабық ауруханада не болып жатыр? Азаттық қолына Қазақстандағы ең жабық психиатриялық ауруханалардың бірінде түсірілген ондаған видео түсті. Ауруханадағы науқастар жасырын түсірген видеоларда азаптау, мәжбүрлеп жұмысқа салу, өзіне қол жұмсау әрекеттері және жұмбақ өлімдер туралы айтады. Азаттық бұл мәліметтерді тексеріп, қазіргі және бұрынғы емделушілермен, олардың туыстарымен, бұрынғы қызметкерлермен және мемлекеттік органдармен сөйлесті. Денсаулық сақтау министрлігі шағымды тексергенін, айтылған дерек "шындыққа жанаспайтынын" мәлімдеді. Толығырақ материалымыздан оқыңыз
🔴 Қазақстан мен қазақтар жайлы пікірі үшін дауға қалған ресейлік блогер елден шығарылды 📝 Тікелей эфирден Қазақстан және қазақ халқы жайлы айтқан пікірлері әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырған Ресей азаматы Ксения Гузаеваны Қазақстан билігі әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салған соң елден шығарды. 🗣 13 тамызда Астана полициясы Ксения Гузаеваның Қазақстан аумағынан кеткенін хабарлап, видеосын жариялады. "Шетел азаматшасы Г.К. Қазақстан Республикасының аумағынан кетті. Бұған дейін сот оны әлеуметтік желілердегі арандатушылық және әдепсіз сипаттағы пікірлері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге шектеу қойылды", - деп хабарлады Астана полициясының баспасөз қызметі. 💭 Әлеуметтік желіге Fassoollka деген лақап атымен шығып жүрген ресейлік стример бұған дейін тікелей эфир кезінде Қазақстан мен қазақ халқы туралы теріс пікір айтып, Павлодар Қазақстанның қаласы екеніне күмән келтірген сөзі қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызған еді. Желі қолданушылар оның іс-әрекетіне заң аясында баға беріп, тиісті шара қолдануды биліктен талап еткен. 👮♀️ Бұдан соң Астана полициясы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында шетел азаматының тікелей эфирден арандату мазмұндағы және әдепке жатпайтын пікірлер айтқаны анықталғанын хабарлаған.
‼️ Литва Ресеймен және Беларусьпен шекарасын барынша күшейтпек Литва үкіметі елдің Ресеймен және Беларусьпен шекарасындағы "әскери іс-қимылға қарсы әрекет жөніндегі жаңа шаралар" жоспарын мақұлдады. Қорғаныс министрлігі әзірлеген бұл жоба ықтимал қарсыластың әскери техникасы мен әскерінің ел аумағына өтуіне тосқауыл қоюды көздейді. ⚠️ Литваның қорғаныс вице-министрі Томаш Микелькевичюс шекара бойында арнайы орлар қазып, инженерлік бөгеттерді көбейту, бұрынғы батпақты аумақтарды қалпына келтіру жоспарланып отырғаны айтты. ⚡️ Жоспар бойынша Литваның Беларусьпен және Ресейдің Калининград облысымен шекарасы бойында ені шамамен 20 метр болатын "өтпес белдеу" жасалады. ⛔️ Қорғаныс министрлігі жедел тұрғыдан маңызды деп белгілеген учаскелерде оның ені 150 метрге дейін ұлғайтылуы мүмкін. Жобаның алғашқы кезеңін 2028 жылдың, ал батпақты жерлерді қалпына келтіруді қамтитын екінші кезеңді 2030 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. 🇷🇺 Литва премьер-министрі Миндаугас Синкевичюс 6 тамызда үкімет пен барлау қызметтері Ресей тарапынан төнетін қауіп-қатерді кеміткісі келмейді деп мәлімдеген. Дегенмен ол жұртты алаңдамауға шақырған. Премьер гибридтік шабуылдарға мысал ретінде Беларусь тарапынан болған заңсыз мигранттар ағынын, сондай-ақ шекарадан елдің әуе кеңістігін бұзып кірген белгісіз дрондар мен әуе шарларын атады.